2022 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялады. Осы орайда шымкенттік полицейлер балалардың игілігі үшін олардың сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз қоршаған ортада өсіп-өнуіне ықпал ету жолында бірқатар шаралар атқарып, еңбек етуде. Балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – әрқашан басты назарда. Шымкент қаласы №4 балалар үйі 2019 жылдан Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы қамқорлығында. Игі бастаманың арқасында балалар мен сақшылар тығыз байланыста. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері балалар үшін көптеген ойын-сауық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Балалар үйінде бірнеше спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылып, нәтижесінде тәрбиеленушілер республикалық деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Ал 2021 жылы 9 сыныпты бітірген №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері Стас Фролов пен Тимур Селезнев С.Рахимов атындағы Шымкент республикалық «Жас Ұлан» әскери мектебіне, ал жас түлек Александр Речинский Полиция департаментінің қолдауымен Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды академиясына оқуға түсті.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Қазақстан полициясының 30 жылдығына орайластырылған 30 игі іс акциясы аясында балаларға қуаныш сыйлау және оларға қолдау көрсету мақсатында №4 балалар үйіне арнайы барды. Мемлекет басшысы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп балаларға ерекше назар аудару керек екенін айтты. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері арнайы дайындаған мерекелік концерт қойды. Балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, балалар үшін түрлі шоу-бағдарламалармен қатар «ЖҚАЖ» арнайы мақсаттағы жасағының көрсетілімі ұсынылды. Сондай-ақ, балалар үшін сурет салу, арқан тарту және басқа да спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Бұдан өзге балалар үшін Полиция департаменті атынан арнайы спорттық жабдықтар мен үй кинотеатры сыйға тартылды. Шара соңында 120 балаға арналған балаларға балмұздақтар үлестіріліп, мерекелік дастарқан жайылды. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері қуанышты мереке сыйлаған полицейлерге рақмет айтып жұмыстарына табыс тіледі.