Түркістан қаласындағы «OLYMPIC CENTER» спорт кешенінде 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі өтті. Түркі мемлекеттері арасындағы алғашқы осындай шара Қазақстанда, қасиетті Түркістанда ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды. Бұл бәсекелестік спортшылардың шеберлігін шыңдауға, достық байланыстарды нығайтуға және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, халықаралық турнирдің маңыздылығын атап өтті. Ол Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты арттыру, достықты нығайту мақсатындағы шараның тарихи мәнін бағалай отырып, келген мәртебелі меймандар мен спортшыларға облыс халқы атынан алғысын білдірді.
«Бокстан жасөспірімдер арасындағы «WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық турнирі ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен қасиетті Түркістанда ұйымдастырылуда. Бауырлас Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен келген спортшыларымызға осы сапары ерекше есте қалады деген ойдамын. Спорт – өзара құрмет пен сыйластық символы. Спорттың басты миссиясы – халықтар достығын нығайту. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісім мекені ретінде танымал. Сондықтан бүгінгі халықаралық турнир ынтымағымызды бекемдей түседі деп ойлаймын. Түркі мемлекеттерінің рухани құндылықтарының сақталуын қалаймыз және әрдайым қолдау білдіруге дайынбыз» – деді Ертай Кенжебекұлы.
Турнир жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың, Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың, сондай-ақ спортшылардың кәсіпқой бокста шеберлігін дамыту мақсатында өткізілді. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының мақсаты – түркі халықтарының мәдениетін және рухани құндылықтарын жаңғырту, спорт арқылы халықтар арасындағы достықты арттыру.
Шараға ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының өкілдері және даңқты спорт ардагерлері қатысып, жастарға ақ баталарын берді. Дүбірлі бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерінен келген жас боксшылар қатысты. Іріктеуден өткен 15-16 жастағы спортшылар 46 келі, 52 келі, 57 келі, 63 келі, 70 келі, 75 келі және 80+ келі салмақ дәрежелері бойынша бақ сынады.
Нәтижесінде, жеңімпаздар арасында Қазақстаннан Мірсәбит Арман, Руслан Русланов, Оразалы Көбей, ал Өзбекстаннан Асылбек Абдусамадов, Ислом Салихов және Бобомурод Боймурзаев сынды спортшылар атанды. Қазақстандық боксшы Мірсәбит Арман жарыстың ең үздік боксшысы болып, арнайы марапатқа ие болды. Түркі тілдес елдердің әділқазылары төрелік еткен сайыста әр салмақ дәрежесіндегі турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қаржылай сыйақы мен арнайы белбеу иегері атанды. Чемпиондарға «WBC AMATEUR TURKSOY» белбеуі, медаль және ақшалай сыйақы берілді, ал жүлдегерлер медаль мен ақшалай сый алды.
Түркістан облысындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бокс бөлімдерінде 6 мыңнан астам бала жаттығуларға қатысып, оларға 400-ге жуық жаттықтырушы қызмет көрсетуде. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанның бокстағы дарынды спортшыларын тәрбиелеуге, оларды халықаралық аренада жарысқа шығуына үлкен ықпал етеді.
«WBC AMATEUR TURKSOY» халықаралық бокстан турнирі Түркістанда өткен тарихтағы маңызды оқиға болып табылады. Бұл шараның жастар арасындағы спортқа, достыққа, ынтымақтастыққа деген ынтасын арттырып, ұлттық және мәдени құндылықтарды насихаттаудағы рөлі зор. Түркістан қаласы осындай халықаралық деңгейдегі шараларды өткізуді жалғастырып, жастарымыздың шығармашылық қабілеттері мен спорттағы жетістіктері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.