Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатындағы инфрақұрылымдық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бірі – Шымкент сити шағынауданына қарасты Бәйдібек би даңғылындағы веложолақ пен жаяу жүргіншілер жолын жарықтандыру жобасы.
Аталған жоба аясында веложол бойына 124 заманауи жарық шам бағанасы орнатылды. Бұған дейін пайдалануға берілген веложол мен тротуар кешкі және түнгі уақытта күңгірт болып, тұрғындар үшін қолайсыздық туғызатын. Жаңа жарықтандыру жүйесінің іске қосылуы бұл аумақты барынша қолайлы әрі қауіпсіз етті.
Қала әкімдігі халықтың тұрмыс сапасын арттырумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Велосипед тебу, серуендеу, жүгіру сияқты белсенділіктер бүгінде тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Жаңа шамдардың орнатылуы спортпен айналысушыларға кешкі уақытта да жаттығуларын жалғастыруға мүмкіндік беріп, жастар мен отбасылар үшін қолайлы орта қалыптастырды.
Жол бойына қойылған шамдар энергия үнемдейтін заманауи технология негізінде жасалған. Бұл – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі электр қуатын үнемдеуге септігін тигізетін шешім. Сонымен қатар, орнатылған құрылғылар ұзақ мерзімге шыдамды, ауа райының түрлі жағдайына төтеп беруге қабілетті.
Бәйдібек би даңғылы – қаладағы ең ірі көлік және жаяу жүргіншілер қозғалысы шоғырланған негізгі бағыттардың бірі. Мұндағы веложол мен тротуардың заманауи талаптарға сай болуы қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып қана қоймай, қауіпсіздік деңгейін де айтарлықтай күшейтті.
Жоба аясында алдағы уақытта веложолды көгалдандыру мен қосымша абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек. Бұл өз кезегінде Шымкентті заманауи, экологиялық таза әрі тұрғындары үшін барынша жайлы қала ретінде дамытуға жол ашады.