Әлеуметтік қызметкерлер арасында шағын футболдан жарыс өтті

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының мүшелік ұйымына кіретін мекемелердің әлеуметтік сала қызметкерлері жастарының арасында шағын футбол спорт түрінен жарыс өтті.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының, Шымкент қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының және Әл-Фараби, Абай, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандары бойынша «Мансап» орталықтарының қызметкерлері жастар арасында бұқаралық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында спорттық сайысқа түсті.

Бір қуаныштысы – сала қызметкерлері арасында өзара спорттық сайыстар жиі ұйымдастырылып тұрады.

Ал, осы жолы өткен жарыс ерекше.

Өйткені, шағын футболдан дода Қазақстандағы әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күніне орайластырылған.

Осыған байланысты спорт ойыншылары достық қарым-қатынасты арттырып, кәсіби мерекелік көңіл-күйде болды.

Өткізілген жарыс қорытындысы бойынша Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының командасы I–орынды, Шымкент қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының командасы II-орынды және Тұран аудандық «Мансап» орталығының командасы III-орынды иеленді.

Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жолдасбеков пен Шымкент қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының директоры Шағдат Әсетұлы жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар мен 4 номинация бойынша үздік ойыншыларға марапаттар табыстады.

«Қызмет» салалық кәсіподағының Шымкент қалалық филиалы әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, спорттық шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін шынайы алғысын білдіреді.

Мереке құтты болсын!