Қазақстанда оқу жылының басынан мектеп кітапханаларының қоры екі миллион көркем әдебиетпен толықтырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылы Қазақстанда «Оқуға құштар мектеп» жобасы басталды. Оған мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен қамтамасыз ету, оқушыларды кітап оқуға тарту үшін іс-шаралар өткізу, кітапханаларда қолайлы жағдай жасау, жөндеу және жабдықтау, кітапханашылардың біліктілігін арттыру сияқты бірқатар шаралар кіреді. Сонымен қатар барлық мектептерде міндетті түрде күнделікті 20 минут кітап оқу енгізілген.
Сондай-ақ мектеп кітапханаларының жанынан коворкинг-орталықтар ашылып жатыр. Елімізде барлығы 440 коворкинг-орталық жұмыс істейді.
Қазақстандық жоғары оқу орындары да кітапханаларын автоматтандырады және қайта жабдықтайды. Бұл бағытта белсенді жұмыс студенттерге кітап іздеу және алу бойынша ыңғайлы сервис ұсыну, сондай-ақ кітапханашыларға кітапхана қорымен жұмыс істеу үшін ыңғайлы құрал жасау үшін жүргізіледі.
Енгізіліп жатқан автоматтандырылған жүйелер оқырмандар санын арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және жұмыс уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Мысалы, жаңа технологияларды енгізудің және ЖОО-ның қалалық мектептермен белсенді жұмысының арқасында Қарағанды техникалық университетінде оқырман саны 17 мыңға дейін артты.
Торайғыров университетінде студенттердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханада ауданы 1560 м2 коворкинг-орталық, конференц-зал және студенттерге арналған демалыс аймағы ашылды.
«Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарының, мектептер мен колледждердің алдына білім алушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру, мектептермен жұмысты жандандыру, жағдайды жақсарту және қажетті ақпаратты іздеудің тиімді жолдарын қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан қазір ЖОО-лар автоматтандырылған жүйелер мен өзгерістер енгізу, талаптарға сәйкес жүйелерді пысықтау және персоналды оқыту бойынша шаралар қабылдап жатыр. Сонымен қатар университеттер кітапхана қорын жаңа басылымдармен толықтырып жатыр. Ең бастысы, университет кітапханалары мектеп оқушылары үшін ашық болады. Медиаресурстар саны да артты – электронды оқулықтар, энциклопедиялар, әдістемелік құралдар және басқа да әдебиеттер көбейді. Электрондық кітапханалардың толық мәтінді және мультимедиялық ресурстары, соның ішінде Web of Science және Scopus халықаралық базалары қолжетімді болды. Бұл шаралар студенттеріміз үшін барлық жағдайды жасау үшін қабылданып жатыр», – деді Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
ҚР Бiлiм және ғылым министрлігі Баспасөз орталығы