Ерекше балалар да қоғамның ажырамас бөлшегі

Ерекше балалар

Заман өзгерген сайын ауруда жасарып барады. Тіпті, ана құрсағында жатып ақ жарымжан болып дүниеге келетін балалар да бар. Мұндай балалардың өсіп-жетілуіне Шымкентте де қолайлы жағдай жасалып келеді. Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Аялы алақан» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы осы бағытта қызмет атқарып келеді. Мекемеде тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға толық стационарлық жағдайда әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық қызмет көрсетіледі.

Орталықта бүгінгі таңда 116 бала ем қабылдауда. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік, оңалту шараларын жасайды. ЛФК, монтесори кабинеті, сенсорлық кабинет, балалардың ерекшелігіне сәйкес арнайы спорт алаңшасы да бар.
Жоғарыда айтқандай, орталықта 116 бала бар. Олардың жартысынан көбі жүре алмайды, көпшілігі сөйлей де алмайды. Мұндағы мамандардың айтуынша, науқастарды мән бермеу, қарсылық көрсету және мақтау әдістері арқылы оңалтады. Өзін қоярға жер таппай, мазасызданып кеткен балаларға мән бермеу аутист баланы сабырға шақырудың ең тиімді тәсілі көрінеді. Ал қарсылық көрсету шарасы науқастың өз-өзіне залал келтіру немесе қоршаған ортаға қауіп төндіргенде жасалады. Егер бала нәтижелі жұмыс істеп, тапсырмаларды үздік орындаса, мақтап, қошемет көрсетіледі.

Балаларды өмірге бейімдеуге, сәл де болса қатарға қосуға бағыттылған ем-дом шараларының маңызы зор. Осы орайда педагог-психолог, дефектолог, логопед мамандарының қарқынды жұмысы оң нәтижесін берері анық.

Сондай-ақ, орталықта қызмет алушылардың ата-аналарымен кері байланысты орнату мақсатында жоспарлы түрде тренингтер ұйымдастырылып тұрады. Ол балалардың сауығуы үшін ата-ана және мамандар болып, бірігіп, шыдамдылықпен қолдау көрсету, күресу үшін маңызды.
Қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына тиесілі 17 орталық бар. Оның ішінде 11 орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, яғни, психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға қызмет көретіледі. Осыған орай, даму мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудағы өзекті мәселе – инклюзивтік білім беру.

Айта кетейік, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға даму ерекшеліктеріне, мінез-құлық және эмоциялық жағдайларына байланысты тиісті деңгейде білім алуда тұрақты, уақытша қиындықтары бар балалар жатады. Ерекше білімді қажет ететін балалар денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алатын, мектеп партасында барлық балалармен теңдей білім алуға мүмкіндігі бар балалар деп денсаулық жағдайларына қарай бөлінеді. Балалардан бөлек, елімізде оқушылар мен ата-аналарына психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, қолдау жұмыстары басты назарға алынған. Осындай қолдаулар арқылы ерекше білім алатын балалар назардан тыс қалмай, қатарынан кем болмай өсетініне бар жағдай жасалынып келеді.