Есірткі және жасөспірім

Шымкент қаласында Еңбекші аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен студент жастарға арналған «Прокуратура сағаты: есірткі және жасөспірім» атты кездесу өтті. Шымкент көлік колледжінде өткен жиынға аудандық прокурордың орынбасары Данияр Сағындықов, Еңбекші аудандық полиция басқармасының бастығы Оңласбек Алғыбаев, психиатр-нарколог Майра Садықова және аудандық мешіттің имамы Орын Ербосын қатысып, жастарға синтетикалық есірткі, оны тасымалдау мен жарнамасымен айналысудың салдары және тәуелділік жайында түсіндіріп берді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев жүргізіп отырды. Алғаш болып сөзге шыққан аудан прокурорының орынбасары Д.Сағындықов есірткі тасымалымен айналысқандар қандай жаза болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, ресми мәліметке сәйкес, елімізде 118 мың адам есірткіге тәулділік бойынша есепте тұрады. Бірақ, нақты көрсеткіш әлдеқайда жоғары, шамамен 150 мың адамға жетеді. Әлемдік тәжірибеде есірткіге тәуелді 10 адамның біреуі ғана бұл жаман әдеттен арылуға тырысады екен.

– Нашақорлар есірткіні көп қолданғаны үшін емес, көбіне ЖИТС, инфарк, гепатит немесе суицидтен қайтыс болады. Негізінен синтетикалық есірткіні қолданушылардың өмірі 5 жылдан ары аспайды. Ал, есірткі сатушылары «синтетиканы» мүлдем зиянсыз, тәуелділікке әкелмейді, деп сендіреді. Алайда, мұндай есірткі героиннен де қауіпті. Алғашқы қолданғанда адам бойына сергектік сыйлап, уақытша жақсы көңіл-күй береді. Күші тарқай бастағанда, депрессия, ұйқысыздық және әлсіздік билейді. Мұндай сәтте адам осы «аурудан» арылу үшін тағы есірткі іздей бастайды. Сатушылар есірткіні тарату ісіне көбіне жасөспірімдерді таңдайды. Өйткені, жастар апта сайын түсетін көп табысқа тез алданады. Тарату ісіне кірерде жастар өзі жайлы бүкіл мәліметті ұсынуы тиіс. Егер арада уақыт өтіп, таратушы «ойыннан» шығуға ниет етсе, сатушы оны туған-туыстарымен немесе өзін бопсалау арқылы ұзақ жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Алайда, таратушы ең ұзағымен 2 аптаға дейін ғана жұмыс істей алады, құқық қорғау органдары оларды қысқа мерзімде анықтап, құрықтайды, — дейді Данияр Молдабекұлы.

Елімізде есірткі саудасымен айналысқандарға, таратушыларға және оны жарнамалауға қатысты заң өте қатал, ешқандай жеңілдік қаралмайды. Қазір түрмеде 4 мыңнан астам адам есірткі қылмысымен жазасын өтеп жатыр. Прокурордың айтуынша, кәмелет жасқа толмағандар үшін 10 жылдан бастап 20 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, 18 жастан асқандар 20 жылдан көп уақытын түрмеде ең ауыр қылмыскерлердің арасында өтейді екен.

Жиын барысында әр саланың маманы есірткінің салдары мен тәуелділік кезіндегі адам өміріне туғызатын қауіп жайында терең мағлұмат беріп, студенттердің сұрақтарына жауап берді. Сөзге шыққан мамандар жастарға алғаш рет есірткінің дәмін татуды ұсынған сәтте «жоқ» деп айту қажет екенін ұғындырды.