Қарабастаудағы амбулатория демалыс күні де жұмыс істейді

Медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек №7 емханаға барып, медициналық қызмет түрлерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жұмыстарының барысымен танысты.

Қаланың бас дәрігері емханаға қарасты Қарабастау елді мекеніндегі дәрігерлік амбулаториясында болып, жергілікті халыққа медициналық қызметтердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында сенбі және жексенбі күні жұмыс істеуін тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасы басшысының тапсырмасы бойынша енді Қарабастау елді мекеніндегі амбулаторияда дәрігерлер сенбі және жексенбі күндері сағат 8-00 ден 20-00-ге дейін жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.

Сондай-ақ Нұрлыбек Абибуллаұлы №7 емхананың негізгі ғимаратында болып, үздік практика орталығының ашылуына орай, дайындық жұмыстарымен танысты. Емхана жанынан ашылатын орталықтың негізгі мақсаты – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен оның деңгейіне қанағаттану деңгейін көтеру және әр отбасы құрамындағы адамдармен жеке-жеке әлеуметтік-медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсете отырып, арыз-шағымдарды азайту, ұжымдық және методикалық жұмыстарды жүргізу болып табылады.

Бүгінде емханада тренинг және симуляциялық орталық ашылып, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар емхана ішінде «Жастар денсаулық орталығы» қызмет көрсетуде, онда 10-29 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастарға медициналық, әлеуметтік және психологиялық, құқықтық көмек көрсетіледі.

Басқарма басшысы №7 емхананың бас дәрігері Айман Оспановаға емдеу мекемесінің жұмысын жүйелеп, бірінші кезекте сапалы медициналық көмек көрсетуді тапсырды.