Жастарға берілген жалдамалы пәтердің жыры бітпей жатыр

жалдамалы

Шымкенттік жастар жалға алған пәтерлерін иемденіп алғысы келеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үлестірілген үйлерде сатып алу құқығы қарастырылмаған. 5 жыл қоныстанған жайлы орыннан жылжығысы келмей отырғандар өтініштерін сенат депутатына жеткізді. Заң не дейді? Тұрғындардың арызы қалай қанағаттандырылмақ?

Шымкенттік Арайлым Әуесхан Бозарық елді мекеніне 2021 жылы көшіп келген. 3 бөлмелі пәтерді 29 жасқа дейінгі жастарға арналған бағдарлама арқылы алған. Келісімшартта үйді сатып алу құқығы көрсетілмеген. 5 жылдан соң баспананы босатуға мәжбүр. Бірақ одан кейін қайта үйлі болуына кедергі көп. Шымкентте Арайлым сынды дәл осындай мәселеге шалдыққан 3 мыңдай жас бар. Олар осы өтініштерін қанағаттандыру үшін петиция жариялап, арнайы қол да жинап жүр. Бірақ онысынан нәтиже шықпай тұр. Ендігі үміттері сенаторларда.

2019 жылы қолға алынған жоба тұралап тұрған жоқ. Жыл сайын жастар бағдарламасымен мыңға тарта жас баспаналы болып жүр. Биыл да 900 белсендіні үйлі ету жоспарда бар. Сондықтан жергілікті билік мәселені тиісті органдармен шешуі керек.
Бозарық шағынауданында аталған бағдарлама негізінде 360 жас қоныстанған. Осы аумақта мемлекет үлестіретін тағы 40 пәтерде 30 үй салынып жатыр. Сенат депутаты құрылысы жүріп жатқан үйлердің сапасымен де танысты. Жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді. Мәселе заң аясында жоспарға сәйкес жүзеге асатын болады.

Айта кету керек, өткен жылы Отбасы банк 35 жасқа дейінгі 24 705 қазақстандыққа қоныс тойын атап өтуге көмектесті. Оларға тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде 414 млрд теңге сомасына заем берілген. Негізінен жас қазақстандықтар бір немесе екі бөлмелі пәтер сатып алды. Мұндай тұрғын үйдің орташа құны 19,7 млн теңгеге тең.Банк статистикасы бойынша 18-35 жас аралығындағы 1,3 млн қазақстандық баспанаға мұқтаж.

Бұл мәселе, әсіресе, өңірлер мен моноқалаларда өткір болып тұр. Лайықты жұмыс пен тұрғын үй жағдайларының болмауына байланысты халық ірі қалаларға қоныс аударады. Соңғы 5 жылда бұл үрдіс күшейе түсті. Осыған байланысты халықтың ең көп өсуі — Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе облысында байқалады.



Be the first to comment on "Жастарға берілген жалдамалы пәтердің жыры бітпей жатыр"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*