3-6 жас аралығындағы балалар 100% мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған

Бұл туралы Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шамшиева Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференцясында айтты.

Бүгінгі таңда қаламызда 605 балабақша жұмыс істейді. Оның 71 мемлекеттік болса, 534 жекеменшік балабақша болып саналады. Балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында, 2023 жылы 28 балабақша ашылып, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтуды ұлғайту үшін 2 845 орынға мемлекеттік тапсырыс берілді. Нәтижесінде 2024 жылы қаңтар айының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы кезекте тұрған 78 263 баланың – 90,7%-ы (71 003 бала) мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылған. Оның ішінде, 3-6 жас аралығындағы 53 984 баланың 100%, 2-6 жас аралығындағы 73 900 баланың 91% (67 031 бала) қамтылған.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленіп жатқан, жекелеген санаттағы 8155 балаға тегін тамақтану ұйымдастырылды. 2024 жылға 3000 баланы ыстық тамақпен қамту үшін 389,0 млн.тг. қаржы қаралып, сәуір айынан бастап жүзеге асырылатын болады. Қаладағы 63 балабақшада эмоциялық-еркi жағынан және мінез-құлқында (аутизм) бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы педагог және инклюзияны қолдау кабинеттері ашылды»,-деді Н.Шамшиева.

Сонымен қатар, 2023 жылы балабақшалардағы тәрбиешілердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында 988 педагог біліктілігін арттыру курстарыннан өткен. Алдағы 2 жылда, бейінді білімі бар тәрбиешілердің үлесін 100%-ға жеткізу жоспарлануда.

Осы жылы алғаш рет озық педагогикалық тәжірибені тарату және енгізу мақсатында Шымкент қаласында 3 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталық» өз жұмысын бастады. Олар; №56 «Тұлпар», №68 «Балауса», «Алтын шаңырақ-1 Айгерім» балабақшалары.

2023 жылы жергілікті бюджеттен қолдау таба отырып 2 балабақша ғимараты күрделі жөндеуден өткізілсе, 56 балабақша ауласына ойын алаңша орнатылды. Аталған бағыттағы жұмыстар 2024 жылы жалғасын табатын болады.