Шу ауданының полиция бөліміне 31 жастағы ауданның жергілікті тұрғыны түнгі сағат 00:00 шамасында белгісіз тұлға оның «Тойота Карина» маркалы көлігін ұрлап, белгісіз бағытқа қашып кеткені туралы хабарлаған. Келтірілген залалдың көлемі 2.000.000 теңгені құрайды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік құралы Аспара ауылынан табылды. Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасағаны үшін Мойынқұм ауданының 30 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
«2020 жылмен салыстырғанда осындай қылмыстардың жалпы саны 28,4% — ға төмендеді, ал қылмысты ашу 86,7% — ға дейін өсті. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары көлік құралын заңсыз иемденудің 48 дерегін тіркеді», — деді Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Ардақ Мәдімаров.
Осыған байланысты, Жамбыл облысының Полиция департаменті автокөлік ұрланған жағдайда дереу полицияға хабарласуды ұсынады, ұрланған сәттен бастап аз уақыт өтсе, қылмыскерді «ізін суытпай» ұстау ықтималдығы жоғары болатындығын ескертеді.
ЖО ПД баспасөз қызметі