2021 жылдың 15 шілдесінде «Қарасора-2021» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Жамбыл облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданының құмды аймағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 27 және 61 жастағы жергілікті тұрғындарды ұстады деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
Тінту барысында олардан жалпы салмағы 30 келіге жуық «марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді. Алынған есірткі затының салмағы 300 мың дозадан асады. Қара нарықта есірткінің мұндай мөлшерінің құны-шамамен 3 миллион теңге болады.
«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталған қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған», — деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция полковнигі Асқар Жұмабеков.
Ұсталғандар кінәсін толық мойындады, Шу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.