Жасөспірімдермен мазмұнды кездесу – Қаратау ауданының даму бағыттарымен танысу

Жасөспірімдермен мазмұнды кездесу

Шымкент қаласындағы “Білім-инновация” ер балаларға арналған №1 лицей-интернатының (@bil.shymkent) 8-сынып оқушыларымен бейресми кездесу өтті. Іс-шараның алғашқы бөлігінде оқушылар Қаратау ауданы әкімдігінің жаңа ғимаратын аралап, мемлекеттік қызметтің күнделікті жұмыс тәртібімен танысты. Әр бөлімге жеке кіріп, мамандармен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған бағыттар бойынша сұрақтарын қойды. Балалардың мемлекеттік басқару ісіне деген қызығушылығы мен белсенділігі айқын байқалды.

Кездесудің келесі кезеңінде оқушылармен арнайы отырып, Қаратау ауданының даму бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалар және алдағы жоспарлар жөнінде жан-жақты әңгімелестік. Өз тәжірибемнен туындаған ағалық кеңесімді бөлісіп, білім алуды тоқтатпау, үздіксіз ізденудің маңызы, мамандықты жүрек қалауымен таңдау, кез келген істі жоғары жауапкершілікпен атқару туралы бағыт-бағдар берілді. Жас буынның ой-өрісі мен талпынысы осындай сұхбаттар арқылы тереңдей түсетіні сөзсіз.

Белсенді оқушылар аудан аумағындағы қоғамдық көлік қозғалысы, балалар ойын алаңдарын жаңарту, абаттандыру мен қауіпсіздік мәселелері жөнінде өзекті сұрақтар көтерді. Кейбірі нақты ұсыныстарын ортаға салып, қала инфрақұрылымын жақсартуға қатысты ойларымен бөлісті. Бұл екіжақты ашық диалог жасөспірімдердің қоғамдағы мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетіп, болашаққа деген сенімді күшейтті.

Кездесу соңында білімге ынталы оқушыларға ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» кітабын естелік ретінде табыстадым. Оқушылардың білімге құштарлығы мен ізденіске деген белсенділігі қуантады. Мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастырып, туған жеріне деген жауапкершілігін арттыра түсетіні айқын.