Қазір не көп, алаяқ көп, «жер алып беремін», «пәтерге кіргіземін», тағы не, әйтеуір толып жатқан «батпан құйрықтың» кәдімгі әміршісі. Ең сорақысы, онсыз да ақшаға жарымай отырған жұрттың «жер алып беремін» деп қолындағы соңғы тиынын санап әкететіндер саны көбейген. Бұл туралы Шиелі ауданы әкімінің баспасөз орталығында өткен брифингте Шиелі ауданы прокурорының орынбасары Мұқалым Ақжолтай Қадырәліұлы баяндады. Бүгінгі күні алаяқтық қылмыстарының алдын алу, болдырмау бағытында Шиелі ауданы прокуратурасының бастамасымен жыл басында аудандық әкімдікпен және полиция бөлімімен қылмыстылықтың алдын алу және криминогендік ахуалды жақсарту мақсатында аудан тұрғындары арасында өткізілетін профилактикалық құқықтық насихат жұмыстарының іс-шаралары бекітілді. Аудандық прокуратурасының мәліметінше, Шиелі кентінің тұрғыны 18 азаматты жер алып беремін деп алдағаны үшін полициямен қылмыстық іс тіркеліп, күдікті қамауға алынған. Алаяққа алданатындардың көбі жер, пәтер мәселесінің төңірегінде жүреді. Әкімдік жерді де, пәтерді де әркімнің кезегіне қарай беріп жатыр. Оны күткісі келмегендердің алдынан алаяқтар шығып, «қамқор қолын» созады. Бұл орайда, Сіздерді алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін жер учаскелерін алу үшін өкілетті органдарға, яғни әкімдіктің өкіліне жүгіну керек, — деді А.Мұқалым журналистерге берген сұхбатында. Бұған дейін аудан прокуратурасы бастамасымен өткізілген ведомствоаралық мәжілісте алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында жұмыспен қамту орталығы немесе аудандық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік желідегі парақшаларына бос жұмыс орындары жөнінде хабарламалар орналастырылып, ағымдағы жылы алаяқтық жолмен жұмысқа орналастыру дерегі бойынша іс тіркелмеген. Алайда, «жер алып беремін» деген уәжде алаяқтық қылмыстары көбейгенін тілге тиек еткен А.Қадырәліұлы көпшілікті алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырып, алдағы уақытта қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында күшейтілген түрде жұмыс жасалатындығын атап өтті. Бұл жиында аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов жер телімдерін сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен кеңесіп, сақтық шараларына аса көңіл бөлулері керек екенін атап өтті. Брифинг соңында тақырыпқа қатысты журналистер тарапынан сала мамандарына сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.
Шиелі ауданы ішкі саясат бөлімі