Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы атты салтанатты кеш өтті

Бүгін аудан әкімі Нариман Мақұлбековтың қатысуымен 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты салтанатты кеш өтті.Мерейлі кешке аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерейлі кеш барысында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков аудан тұрғындарын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.Аудан әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №700 Жарлығы бойынша мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен марапатталған Шиелі ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихат депутаты, «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбековті және мемлекеттік награда «Құрмет» орденін алған «Фирма-Балауса» ЖШС-нің директоры Андрей Кузнецовты, «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның Шиелі аудандық электр торабының электрослесарі ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері Бақтыбай Байзақты, «Құрмет» грамотасымен марапатталған «Жер-Жомарт» шаруа қожалығының төрағасы Асхат Ермахановты, Шиелі ауданаралық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Қазбек Шаукебаевты, «Семізбай-U» ЖШС-нің бас инженері Жарасхан Қалымбетовты сахна төріне шақырып, дәстүрге сай құрмет көрсетілді.Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен 28 азаматтар марапатталды.Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 1 қарашадағы №684 Жарлығымен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқасы 17 анаға табысталды. 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жылдық мерекесіне орай, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен және аудан әкімінің алғыс хаттарымен және Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық медалімен марапаттады.Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен ділі. Біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн. Тәуелсіздік – халықтың тойы, елдің тойы. Барша қазақстандықтардың туған күні және мерейтойы. Салтанатты кеште аудан әкімі Нариман Мақұлбеков, тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген әлем елдері үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың аңсар арманы, даналарымыздың үзілмес үміті, Алаш ардақтыларының жаны пида болған қастерлі де қасиетті бағымыз! Тұңғыш Президентіміздің батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігі мен қажырлы еңбегі нәтижесінде ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүргізілді. Әлем мойындаған мемлекетке айналдық. Елімізде болып жатқан оң өзгерістердің біздің ауданда да көрініс тауып отырғанын мақтанышпен айта аламыз. Тәуелсіздік жылдары ауданымызда толымды тірліктер жасалып, көптеген түйінді мәселелер шешіліп, үздік нәтижелерге қол жеткіздік. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен аудан бюджетінің қазіргі көлемін салыстыратын болсақ, 1996 жылы аудан бюджеті 339 млн. теңге болса, қазіргі таңда 22 млрд. 401 млн. теңгеге жетіп, 65 есеге артты. Өнеркәсіп орындары ағымдағы жылдың 10 айында 51 млрд. 632 млн. теңгенің өнімін өндірсе, 1997 жылы 725 млн. теңгенің өнімін өндірген немесе осы аралықта өндіріс 71 есеге артқан. Бүгінде ауданда шағын кәсіпкерліктің 5363 субъектісі тіркеліп, оларда 9384 адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен ауданда «Гежуба Шиелі Цемент» тампонажды цемент шығару зауыты, «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Бала Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және «KazChinNur» ЖШС-ның шағылтас және құрылыс бұйымдарын өндіру зауыты, «Шиелі құс» фермасы, «Шиелі Жолшы» мекемесінің «Асфальт бетон өндіру» зауыты жұмыс жасауда. Ауданда инвестиция көлемін арттыру мақсатында 44 инвестициялық жобаның тізімі жасақталып, оның ішінде 20 жоба іске қосылды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ауданымыздың 10 ауылдық округінде жаңадан дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт, аудан орталығынан 250 адамды қабылдайтын емхана мен 150 төсектік орталық аурухана, Ақмая, Бестам, Жуантөбе, Еңбекші, Керделі, Тұран ауылдарынан спорттық сауықтыру кешендерінің, 7 ауылдық округтерде ауылдық мәдениет үйлерінің, Жуантөбе, Ортақшыл, Бестам, Қарғалы, Жөлек ауылдарында әкімдік ғимараттарының, 22 елді мекенде жаңадан білім беру ұйымдары 23 мектептің және 6 балабақшаның, №45 мектептің жаңа корпусының құрылыстары жүргізіліп пайдалануға берілді. Аудан орталығы мен Бәйтерек, Иіркөл, Жаңатұрмыс, Керделі, Тұран ауылдық округтерінің халқы көгілдір отынның игілігін көруде. Ақмая және Алғабас ауылдық округтеріне газ құбырын жүргізу үшін қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Жалпы Шиелі ауданы бойынша 62 пайыз тұрғындар табиғи газбен қамтылған. Биылғы жылғы еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығына ерте көктемнен үлкен құлшыныспен еңбек еткен аудан дихандары судың тапшылығына қарамастан егіннен табысты өнім алды. Жалпы егіннің көлемі соңғы жылдары артып келеді. Ағымдағы жылы аудан диқандары 30 189 гектарға егіс екті, өткен жылмен салыстырғанда 728 гектарға артты. Басты дақылымыз күріштен орта өнім әр гектардан 55 центнер болып, жалпы 66 214 тонна өнім жиналды, – деді аудан басшысы Н.Мақұлбеков.Салтанатты кеш соңы аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасты.

Шиелі ауданы әкімдігі