Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде 1 қарашадан бастап «Заң керуені» республикалық акциясы бастау алды.
Іс-шараны өткізудің басты мақсаты — халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, қолданыстағы заңдарды түсіндіру, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, азаматтық құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, аймақтарда қауіпсіздік деңгейін арттыру және құқықтық тәртіпті нығайту.
Көшпелі топтың құрамында прокуратура, құқық қорғау мен жергілікті атқарушы, өкілді және мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының өкілдері бар. Халықпен тікелей кездесуде , қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтармен бетпе-бет отырып, тыңдауда. Сонымен қатар кейбір тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес беріліп жатыр. Акцияның алғашқы күнінде сұрақтары мен арыздарын айтып келгендердің басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қозғаған. Бұл тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан, мүмкіндікті мүмкіндігінше пайдалану қажет.
Аталған жобаға Еңбекші АПБ бастығы полиция полковнигі Алмас Әмзеев те қатысып, тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін, сондай-ақ талап-тілектерін тыңдап, заң аясында шаралар қабылданатынын жеткізді.
Сондай-ақ, бұл акция Еңбекші ауданы «Тоғыс», «Қаратөбе», «Базарқақпа» елдімекендерінде өткізілді.
Кездесуге келген тұрғындар көкейлеріндегі өзекті мәселелер мен сұрақтарын айтуда. Сұрақтардың көбісі – алаяқтық қылмыстар, мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ кешкі уақытта Патрульдік полиция полкі мен учаскелік полиция инспекторларының рейдтік іс-шара жүргізуіне қатысты болды.
Өткізілген акцияға ауданның 300-ге жуық тұрғыны келіп, сұрақтарына тиісті жауаптар алды.
Айтып өтейік, «Заң керуені» республикалық акциясы Шымкентте қараша айының 4-іне дейін жалғасады.