Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.
Ағымдағы жылдың 25-қарашасы мен 10-желтоқсан аралығында республика аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы бастау алды. Аталған іс-шараның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясының алғашқы күнінде қыз-келіншектермен кездесу өткізді. Абай ауданы Полиция басқармасының Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция подполковнигі Айнұр Қарабаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратты.
«Акция аясында мүдделі мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда»- дейді полиция подполковнигі.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.