Зағип жандар арасында шахматтан жарыс өтті

Шымкент қалалық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада зағип жандар арасында шахматтан жарыс өтті. Спорттық додаға мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, өзара жеңімпазды анықтады. Үздік шыққан шахматшыны Жастар ресурстық орталығында өтетін кеште арнайы марапаттайтын болады.

Ойын барысында 20 қатысушы өз шеберліктерін көрсете білді. Жастардың басын қосқан іс-шараны Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

—Шымкент қаласында ерекше жандарға арналған іс-шара 4 күнге жалғасады. Алдымен 200-ге жуық оқушы кәсіпкерлікті дамытуға арналған семинар-тренингке қатысты. Бүгін Цитадель көне қалашығына саяхаттап, шахмат ойынынан сынға түсті. Ертең үстел теннисінен сынға түседі. Соңғы күні кешімізді қорытындылап, есеп беру концерттік бағдарламасымен аяқтаймыз. Онда ерекше жандар халық алдында өздерінің өнерін көрсетеді, – деді «Тағзым» қоғамдық бірлестігінің өкілі Көмек Ертаев.

«Өмірге құштар жандар» деп аталатын іс-шараға 500-ге жуық мүмкіндігі шектеулі жас қатысып жатыр. Мұндағы мақсат – жастардың өмірде өз орны бар екенін ұғындырып, спортқа бейімдеу. Қандай сала болсын, биік дәрежеге жеткізу.

—Бұл ойында орын жеңу мақсат емес, ең бастысы қатысқанның өзі ерлік. Шахматқа қатысып отырған қатысушылар осы арнайы кітапхананың оқырмандары. Олар ойындағы тәжірибесін ары қарай дамытады деп сенемін. Осы уақытқа дейін жүзуден, шахмат ойындарынан талай республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп жүрген жайлары бар. Оларға тек сәттілік тілеймін, – деді Шымкент қалалық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов.