Кітап – сарқылмас қазына. Адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы – кітапхана. Әр ұлттың болмысы мен құндылығына, қасиеті мен құдіретіне, өсиеті мен өнегесіне бойлатып, жан азығын сыйлайтын киелі орын.
Білім бар жерде кітап көбейеді. Кітап бар жерде білім өркендейді. Кітап – білім байлығы ғана емес, рухты оятатын, ой-сананы өсіретін қымбат қазына, кітапхана – сол рухани байлығымызды үстемелейтін даналық үйі. Кітапхана деген сөздің өзі санаға рух береді. Кітапхана – әсіресе жастардың, ой-өрісін, ішкі дүниесін қалыптастыруға пәрменді ықпалы бар фактор екенін өмір көрсетіп отыр. Рухани орда 70 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің ғылым мен техника, технологияның қарыштап дамыған заманында да кітаптың құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, жергілікті халықпен біте қайнасып, оқырмандарды білім нәрімен сусындатып, айтарлықтай табысқа жетіп, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Мәселен кітапханаға 2021 жылы 72 902 оқырман тіркелсе, 2022 жылдың есебі бойынша оқырман соны 30 мыңға артқан. Яғни, 101 790 оқырманды құраған. Ал, 2023 жылы 102 044 оқырман тіркелсе, 2024 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 103 940 оқырманға жетіп отыр.
Қазіргі уақытта Шымкент қаласының орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің 23 бөлімшесі бар. Кітап қоры – 556 627 дана. Оның 181 725-сі мемлекеттік тілде. Жылына 1 460 723 кітапқа оқырманның сұранысын қанағаттандырады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта бермек. Өйткені кітапхананың имиджін қалыптастыру, мәртебесі мен маңызын арттыруға бағытталған түрлі форматтағы бірнеше іс-шараларды басшылыққа алып жұмыс атқарылуда.
Шымкент логотипінің дизайнында жасалған «Кітап оқитын Шымқала» буккроссинг көше сөрелері қоғамдық орындарға, гүлзарларға, аулаларға қойылды. Жоба 2021 жылдан бастап жұмыс жасауда. Сондай-ақ, «АBAY» дизайнында жасалған «Кітап керуені» жылжымалы көрмесі де көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Book Card» карталық жобасы іске қосылған.
Қазақ елінің маңдайына біткен тау тұлғасы Абай Құнанбаевты насихаттау мақсатында 2022 жылдан бастау алған «Абай әлемі» байқауы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, Ұлы ақынның мерей тойымен тұспа-тұс келген байқау биыл да өз жалғасын табуда.
Қасиетті қазынамызды көзінің қарашығындай сақтап, өңіріміздегі ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген, өз оқырмандарымен бірге түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар өткізіп, әрбір оқырманның жүрегіне жол таба білген кітапханамыздың кітапханашылары жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеп, талғамына, таңдауына, қажетті кітаптарын тауып беріп, оқуға деген көзқарасын оятып келеді.
Мемлекет басшысы кітапқа, кітапхана ісіне үлкен назар бөліп Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Қазақстан Республикасында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай елімізде атаулы күндердің тізбесі тағы бір мерекемен толығып, 23 сәуір — Ұлттық кітап күні болып белгіленді.
Мемлекеттік деңгейдегі бұл мерекенің жай ғана атаулы күн болып қалмауы үшін Шымқаламызда көпшілік үшін пайдасы тиетін үлкен іс-шаралар өтуде. Осы мереке қарсаңында қаламызда кітап күніне орай Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен 16-23 cәуір аралығында өтетін «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылу салтанаты өтті. Арбат алаңында өткен ашылу салтанатында кітап жірмеңкелері, концерттік бағдарламалар, жазушылармен кездесу, баспа үйлері мен кітап дүкендерінің кітап жәрмеңкесі, көрме сатылымдары ұйымдастырылды. Айта кету керек, апталық аясында қала кітапханаларында «Қаламгерлер мен өлкетану күні», «Кітапхана түні», «Weekend. Book.Vibes», «Кітап. Тарих.Шежіре», «Кітап-достық амбассадоры» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, 23 cәуір күні апталықтың жабылу салтанаты өтеді.
«Кітаптан алыстаған ұрпақтың болашағы бұлдыр, келешегі күңгірт», – деп жазушы Мархабат Байғұт айтқандай, кітап әлемі биік өре, рухани байлық ретінде ұлтпен бірге жасай бермек!
ГҮЛЖАН Байсерікқызы Садық
Шымкент қаласының орталықтандырылған
көпшілік кітапханалар жүйесінің директор орынбасары.