Мемлекеттік қолдаудың арқасында қайта өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылығы артып келеді

Елімізде көптеген қайта өңдеуші кәсіпорын жұмыс істейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыру тапсырмасы аясында ағымдағы жылы қайта өңдеуші кәсіпорындар іске қосылды. Қазіргі таңда, «Өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете өңдеп, өнім өндіруі үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау» бағдарламасы аясында сүтті қайта өңдеп, қатты ірімшік пен сары май өндіруші  кәсіпорындарға мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, жыл сайын қуаттылығы артып келеді.

Бүгін Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы БАҚ өкілдері үшін қайта өңдеуші кәсіпорындар, жылыжай кешені, мал бордақылайтын шаруашылықтарға баспасөз турын ұйымдастырды.

Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші 50-ден астам кәсіпорын бар. Бұл кәсіпорындар жыл басынан бері 50 мың тонна сүтті қайта өңдеп, 500 тонна сары май, 3 000 тонна қатты ірімшік өндірген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мұндай қайта өңдеуші өндіріс орындарының қуаттылығы артып келеді. «INTERMILK KAZAKHSTAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  —жылдан жылға өнім көлемін арттырып отырған кәсіпорынның бірі. Бүгінде 25 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орнында күніне 15 тонна сүт қайта өңделіп, одан 1,5 тонна құрт, ірімшік, сарымай, қаймақ, сүзбе секілді өнімдер алынады.

Мемлекеттік қолдауға ие болып отырған «Ифтихари» шаруа қожалығындағы жылыжай кешені жылына 500 тонна өнім алып отыр. Аумағы 2 гектар жылыжайда қазір қызанақ теру маусымы жүріп жатыр. Жұмысшылар қызарған өнімді қораптарға жинап, солтүстік өңірлерге жөнелтпек.

Ал, «Алтынсай» шаруа қожалығында бүгінде 1000 бас жылқы мен 1000 бас ірі қара бар. Бұған қоса адам ағзасына өте пайдалы, түрлі ауруларға шипа болған бөдене құсын асырауда. Қазіргі таңда 40 мың бөденеден жұмыртқасы мен етін қала аумағында көршілес облыстар мен Астана қаласына дейін жеткізеді. Бұған қоса, шаруашылықта жылына 650 тонна жылқы еті және 750 тонна ірі қара мал еті өндіріледі.