Көші-қон заңдылығынан тыс әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 28 шетелдік ел аумағынан аластатылды

Шымкентте жыл басынан бері 34 мың шетелдік пен азаматтығы жоқ тұлға есепке алынды. Оның ішінде 1126 алыс шетелдік, 32 958 ТМД елдерінің азаматы. Көші-қон саласының қызметкерлері ел аумағында болу заңнамасын және басқа да әкімшілік құқық бұзған төрт мыңнан астам шетелдікті жауапкершілікке тартқан. Тәртіп сақшыларының негізгі міндеті – қала аумағындағы өзге елдің азаматтарын тиісті құқық тәртібімен қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасына келу, болу, кету ережелерін сақтау. Сегіз айда Республиканың көші-қон заңдылығын бұзған жалпы 4583 шетелдік пен ҚР азаматы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде – 1019 шетелдік. Көші-қон заңнамасын бұзған – 118 шетел азаматы ел аумағынан аластатылды.

         Сонымен қатар, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған – 39 және шетелдіктерді заңсыз тұрғын үймен қамтамасыз еткен – 258 Қазақстан Республикасының азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы уақыт аралығында қоғамдық орындарда қайыршылықпен айналысып, азаматтарды мазалап жүрген ҚР ӘҚБтК 449-бабы 3-бөлімімен 21 шетелдік анықталған. Сондай-ақ, көші-қон заңдылығынан тыс әкімшілік құқықбұзушылық жасаған 28 шетелдік азаматтық процестік тәртіппен сот шешімдері арқылы ел аумағынан аластатылды.

         Көші-қон – адамдардың тұрғылықты мекенінен әр түрлі себептермен басқа жерге қоныс аударуы, белгілі бір аумақтың шекарасынан асып, тұрақты немесе уақытша тұрғылықты мекенге  қоныс аударуы  арқылы жүзеге асады. Көші-қон заңнамасын бұзған шетел азаматтарына әкімшілік және қылмыстық заңнамасы бойынша жауаптылық көзделген. 

         Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу істерін қараудың сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 14-бөлігінде азаматтық іс жүргізу тәртібімен шығарып жіберу туралы шешім шығару кезінде соттар шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жасаған құқық бұзушылығын ескеруі қажеттігі көрсетілген. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 19 маусымдағы «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Заңының 28 бабына сәйкес шетелдік егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса ел аумағынан тыс жерге шығарып жіберілуі мүмкiн. Шығарып жіберу туралы шешімді сот қабылдайды.

Ntime.kz