Өнер сүйер қауымға театр есігі ашық

Театр-рухани байлықтың қайнар көзі. Қазақ тарихында «театр» ұғымы болмаса, қазақ өнерінің белгілі бір деңгейде даму жолы қиынға түсуші еді. Ерекше сағынышпен, асқан махаббаттарымен театрдың әр қойылымын аңсап күтетін қадірлі көрермендерді көргенде көзіміз тоятыны жалған емес. Осындай өнер сүйер қауым үшін театр ұжымдары да сапалы қойылымдар қоюға тиісті жұмыстар жүргізіп келеді.

Жалпы, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты 6 театр қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетуде. Атап айтсақ, Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театры. Шымкент қалалық орыс драма театры. Шымкент қалалық өзбек драма театры. Шымкент қалалық опера және балет театры. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры және Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры.

Қаламызда театрлардың жаңа маусымы ашылды. Жаңа маусымның жаңалықтарымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының мәдениет және тарихи-мәдени мұраны сақтау бөлімінің басшысы Орынтаев Бауыржан Орынбасарұлы баспасөз брифингінде бөлісті:

Ағымдағы жылы Шымқаланың 6 кәсіби театрының жұмыс жоспарына сәйкес, 28 жаңа қойылым, 1127 ағымдағы қойылым, 59 гастрольдік іс-сапар және 246050 көрермен қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда, Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында «Серінің сергелдеңі», «Ахан» лирикалық драмасы, Шымкент қалалық өзбек драма театрында «Сәби» драмасы, Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының «Кейкінің кегі», тағыда басқа жалпы 13 Премьера көрермен назарына ұсынылса, ағымдағы репертуарларынан 738 қойылым қойылып, 131018 көрермен тартылды. Оның ішінде ақылы келушілер саны 59875 адам, қайырымдылық ретінде, яғни ақысыз қойылымдарға келуші саны 71143 көрерменді құрап отыр.

Сондай ақ жыл соңына дейін Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында Республика күніне орай, Д. Рамазанның «Абылайханның арманы» тарихи драмасы, М.Байғұттың «Жоғалған жұрнақ» драмасы, Өзбек драма театрында Ж.Сайитовтың «Тапқыр қозы» ертегісі, С. Ахмадтың сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған «Ақша» премьерасы, Қуыршақ және жасөспірімдер театрында Ә.Файзуллаұлының «Үй таңдаған лақ» ертегісі, О.Бөкейдің «Құлыным менің» психологиялық драмасы, Е.Локшинаның «Винни Пух» ертегісі, орыс драма театрында Николай Шуваловтың «Три весёлых гнома» ертегісі, Дэйв Фримэннің «Люкс для иностранцев» комедиясы тағы басқа қойылымдар көрермен назарына ұсынылатын болады.