Орталық Азия азаматтық қоғамының өңірлік форумы басталды

Бүгін Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Еуропалық Одақ және Femagora қоғамдық қоры қаржыландыратын Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Луч света» (Spotlight Initiative) бастамасының өңірлік бағдарламасы ұйымдастырған Орталық Азия азаматтық қоғамының өңірлік форумы жұмысын бастады.

Екі күнге созылатын форумда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ауғанстанның 30-дан астам азаматтық қоғам өкілі мен сарапшылар сараптамалық тәжірибелерімен алмасып, азаматтық қоғамның өңірлік бағдарламаға қызығушылығын арттыруға бағытталған стратегия бойынша ұсыныстарын әзірлеу үшін ұлттық консультациялардың нәтижелерін талқылайды. Сонымен қатар, басқосуда жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылықты және зиянды тәжірибелерді жою жөніндегі Орталық Азия альянсының болашағы да қаралады. Айта кетейік, қатысушылардың тағы бір бөлігі форумға онлайн қосылады.

Жиында ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Жанар Темірбекова, «FemAgora» ҚҚ негізін қалаушы Лейла Зулейха қатысты, сондай-ақ БҰҰ өкілдері ZOOM арқылы байланысқа шықты.

Алғаш сөз алған Қазақстан Республикасындағы БҰҰ Тұрақты Өкілі Микаэла Фриберг-Стори форумға қатысушыларға арнаған сөзінде: «Әйелдердің құқықтарын, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ әйелдер мен қыздарға қатысты кемсітушілікті жою – Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізу үшін маңызды алғышарттардың бірі. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы бәрімізді әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жоюды ортақ күш-жігердің негізгі элементіне айналдыруға шақырып отыр. Бұл қадам барлық әйелдер мен қыздардың зорлық-зомбылықсыз әлемде өмір сүруіне мүмкіндік береді», — деді.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Түркістанда осындай маңызды шараларды өткізудің маңызы жоғары екенін атап өтіп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Форумның тең төрағасы, «FemAgora» ҚҚ негізін қалаушы Лейла Зулейха Махмудова зорлық-зомбылықты нақты жою үшін, өз өміріндегі зорлық-зомбылыққа қарсы ашық күресетін және осы мәселенің жүйелі сипатын түсінетін азаматтық қоғамның, оның ішінде сарапшылардың белсенді болуы қажет екенін атап өтті.

Орталық Азияда жыныстық және гендерлік зорлық-зомбылық пен зиянды тәжірибе мәселесін қарастыратын көптеген жергілікті, сондай-ақ аймақтық қоғамдық сектор бірлестіктері мен азаматтық қоғам платформалары бар. Бұл дағдарыс орталықтары мен баспаналар, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстар, үкіметтік емес ұйымдар, әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүдделерін қорғайтын бастамашыл топтар. 30 жылдан астам уақыттан бері Орталық Азиядағы әйелдер ұйымдары мен сарапшы әйелдер Бейжің іс-қимыл платформасы, Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссия, «Теңдік ұрпағы» (GEF) форумы және т.б. сияқты жаһандық процестерге айтарлықтай үлес қосып келеді.

Форум – Орталық Азия және Ауғанстанның азаматтық қоғам ұйымдары мен өкілдері өзара қарым-қатынас орнатып, позициясын нақтылайтын, сондай-ақ «Луч света» бастамасының өңірлік бағдарламасы шеңберінде ұлттық консультациялардың нәтижелерін талқылайтын, серіктестік тетіктерімен және өңірдегі грант беруші ұйымды құру үдерісімен танысатын алаң.

Жиында сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Ясауи ілімі – ізгіліктің кілті. Ғұламаның еңбектері адамдар арасындағы құрметті, кішіпейілділікті, әділеттілікті, еңбеқорлықты, адамдарды дініне, жынысына, жасына қарай бөлмеуді насихаттайды. Ясауи ошағынан шығып, оның жолымен жүрген ғалымдар әйел құқықтарына ерекше мән бергенін атап өту маңызды», — деді.

Форумның соңында азаматтық қоғамды Альянс пен өңірлік бағдарламаға тартудың ұжымдық сипатын көрсететін қорытынды құжатты қабылдау жоспарлануда.