«Парктер шеруі»республикалық акциясы өтті

31 наурыз күні Түркістан облысының «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен «Парктер шеруі-2023» республикалық табиғатты қорғау акциясы бастау алды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қолдауға бағытталған халықаралық табиғатты қорғау акциясы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ашылғаннан бері 17-ші рет ұйымдастырылып отыр.

«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тарихы 2006 жылдан бастау алған. Оған Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының ең көрікті жерлері енеді. Жануарлар мен өсімдіктер әлеміне де бай. Құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-тан астам түрі мекендейді.

Биылғы игі шара Шымкент қаласының Дендросаябағында «Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық» тақырыбында атап өтілді.

Салтанатты шеруге «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, Түркістан облысы бойынша ауыл, орман шаруашылығы табиғат және жануарлар әлемін қорғау қызметкерлері кәсіподағының жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев, табиғатты қорғау мекемелерінің басшылары және зиялы қауым өкілдері, ЖОО мен колледж студенттері, мектеп оқушылары, «Жас Ұлан» сарбаздары қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі құттықтау сөзімен бастап, «Жер бетінен жойылуға шақ тұрған өсімдіктер мен жан-жануарларды қорғау — әр адамның міндеті. Бұл акцияның басты мақсаты -жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік билігі бар органдардың алдында табиғатты қорғауға көңіл аударатындай мәселелерді көтере отырып, жастар арасында қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақыру»-деді.

Сондай-ақ, игі шара барысында жергілікті қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сапарғали Шолданбаев табиғатты қорғауға үлес қосып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелеріне салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын табыстады.

Бұдан бөлек акция барысында «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркiнiң қызметкерлерi көпшiлiкке арнап табиғат бұрышын әзiрледi. Онда өңiрiмiзде ғана емес, республикамызда сирек кездесетiн аң-құстар мен жәндiктер және өсiмдiктер туралы мәлiметтер берiлген.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.