Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов, облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу мақсатында жеке құрамға арнайы тапсырма берді. Осының негізінде киелі өңір сақшыларымен үш күнге жоспарланған «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Аталмыш шараның қорытындысымен полицейлер — 1123 объектіні тексеріп, кәмелетке толмағандар саласына қатысты 537 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады.
Нақтырақ айтар болсақ, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 19 ата-ана (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүргені үшін 49 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігімен), кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі бойынша 420 ата-ана (ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 2-бөлігімен) анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген 20 ойын-сауық орындарының иелеріне ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама түзіліп, жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар дүкендер мен сауда орындары, ойын-сауық нысандары тиянақты тексерілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 14 тұлға анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» бойынша және 21 жасқа толмаған адамға темекі өнімін сатқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы «Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату» бойынша 11 тұлғаға әкімшілік шара көрілді.
Бұдан бөлек түнгі тексерулер кезінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 4 жасөспірім ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы «Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық» бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ жастарға жұмыс берген нысандар да жіті тексерілді. Оның аясында балалардың еңбегін пайдалану бойынша 112 дерек тіркелді. Оның ішінде еңбек шарттары түзілмегені 101 болса,1 дерек қайыршылық жасау бойынша анықталды.
ТО ПД баспасөз қызметі