Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәртіпті қадағалау, табан асты туындайтын түрлі жағдайларға дайын болу салмақты жауапкершілікті қажет етеді деп хабарлайды Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметі.
Данияр Тазабеков Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы. 1994 жылы Тараз қаласында дүниеге келген, 2016 жылдан бері құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Полиция аға-лейтенанты шеніне ие Данияр Нұржанұлы «Құқық қорғау саласында қызмет етуді бала кезімнен армандадым. Полиция қызметкерлерін көріп, сол кісілердің қатарында болғым келетін. Қылмыспен күресіп, қоғамға, халыққа қызмет етуді қаладым», – дейді.
Жанат Қуанышұлы Сүлейменов басшылық ететін Жамбыл облысы полиция Департаменті бүгінде құқық қорғау саласында қарқынды қызмет етіп келеді. Мекеме басшысы Жанат Қуанышұлы әлеуметтік желілерде Департаменттің негізгі қызмет бабы мен атқарған жұмыстарын, жетістіктерін қоғамға жүйелі жеткізіп отырады.
Данияр Тазабеков учаскелік полиция қызметкері ретінде күн сайын қоғаммен тығыз байланыс жасайды.
Жұмыс күні басталмай тұрып әріптестерімен әр күннің жоспарын құрып, болған оқиғаларды талқылап, шағым-өтініштерді қарап іске кіріседі.
«Учаскелік полиция ретінде тұрғындармен байланысым өте тығыз. Өзіме бекітілген әкімшілік аумақта 102 арнасы болсын немесе тікелей шақыртулар арқылы тұрғындар шақыртып жатады, көмек сұрайды. Сондықтан полиция қызметкері ретінде көмегімді көрсетіп, міндетімді орындаймын», – дейді ол.
Данияр Нұржанұлы күнделікті қызмет барысында түрлі жайттар болатынын, сондықтан кез келген жағдайға дайын болып, жауапкершілікті терең сезіну керектігін тілге тиек етті.
Мәселен, биыл 14 наурызда мүмкіндігі шектеулі азамат жоғары қабаттан құлап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл аумақ Данияр Тазабековтің міндетіне жүктелгендіктен, әрі бұлжымас қызметі болғандықтан еш ойланбастан оқиға орнына барып, жоғары қабатқа көтеріліп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азаматпен тілдесіп, қолдау көрсетіп, ажалдан арашалап қалған.
Полиция қызметкерінің сөзінше, күн сайын осыған ұқсас түрлі жағдайлар болады. Сондықтан тұрғындармен сұхбат құру, қылмыс әрекеттерінің алдын алу маңызды дейді ол.
Данияр Тазабеков екі баланың әкесі. «Қызметте түрлі қиыншылықтар болады. Күн тәртібіміз де қауыр, осы себепті отбасымызға да аз уақыт бөлеміз. Жұмыс көп, үздіксіз қоңыраулар түседі. Түнге қарай үйге енді жетіп, тамақтанып жатқанда да шұғыл шақыртулар келіп, қылмыстық оқиғалар орын алса, қайта шақыртады. Барып, қызметтік міндетімізді орындаймыз», – дейді полиция қызметкері.
Қызметіне адалдығы, жұмыс барысында міндетін жетік орындап, қоғам алдында тынбай еңбектеніп жүрген полиция қызметкері Данияр Нұржанұлы «Батыр шапағаты» медалімен, ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған алғыс хатпен т.б марапатталған.
Отан алдында абыроймен қызмет етуді ең басты парызы санайтын Данияр Тазабеков құқық қорғау саласында жүрген өзге де әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, қызметте табыс, абырой және тек жақсылық тілейді.