Елімізде батагөй қария байқауы дәстүрімізді насихаттау мен ұлттық мәдениетті сақтау мақсатында ұйымдастырылады. Бұндай шарада түрлі қариялар өздерінің баталарын айтып, қатысушыларға рухани азық береді. Байқау барысында жүлделі орындар мен арнайы сыйлықтар тағайындалады. Мұндай іс-шаралар қазақ қоғамында қариялардың рөлін арттыруға және жастарға ұлттық құндылықтарды үйретуге үлкен үлес қосады. Осы тұста «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының ұйымдастыруымен, Ақсукент ауылы, «Белсенді ұзақ өмір орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Батагөй қария» атты аудандық байқау өткізілді. Байқаудың басты мақсаты — «АМАNAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра» партиялық жобаларын насихаттау, елді татулыққа, бірлікке, ырыс-ынтымаққа шақыру, жастарға тәрбие, бата беру дәстүрін дәріптеуге бағытталды. Жалпы жарысқа ауданға қарасты 11 ауылдық округтің ақсақалдары қатысты. Олар «Ел бірлігі — Аманаттың мұраты» атты тақырыпта бата беруден өз өнерлерін ортаға салды.
Тағылымды іс-шарада «АМАNAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты, фракция мүшесі Дархан Айдарханов, Ақсукент ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Алиев, Сайрам Аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Сарыбеков қатысушыларды арнайы құттықтап, сәттілік тіледі.
Байқау барысында әділ қазылар алқасы Әлібек Байназар, Сейдуалы Темірбаев, Мурат Есалиев жеңімпаздарды анықтап, қатысушыларды ортаға шақырды. Халық қалаулылары диплом, алғыс хаттар, сый-сияпаттар және ұлттық киімдерді салтанатты түрде табыстады.
Өз кезегінде, қатысушылар да ұйымдастырушылар мен халық қалаулыларына алғыстарын айтып, жылы лебіздерін жеткізді. Іс-шараға Е.Сарманов атындағы колледждің студенттері, жастар, Партия ардагерлері, зейнеткерлер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.
Шежірелі ақсақалдарымыздың кейінгі ұрпаққа мәнді де мағыналы бата үлгілерін жеткізген сайыс соңы концерттік бағдарламаларға ұласты.