Жастарды елжандылыққа тәрбиелеуде спорттық жарыстардың қосатын үлесі елеулі. Ұлттық мәдениеті қалыптасқан,рухы биік, жас спортшылардың атқарған іс-тәжірбиелері, басқа халықтардың бізді танып білуіне өз септігін тигізеді. Спорт жетістіктері арқылы жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелейміз.
Осы орайда Түркістан қаласында ауыл спортын дамытуға арналған «AUYL SPORT – 2024» Түркістан облысының ауыл балалары арасындағы өңірлік лигасы өтті. Бұл жоба «HALYK» қайырымдылық қорының бастамасымен ауыл балалары мен жасөспірімдерін қолдау мақсатында жүзеге асырылып отыр. Өңірлік лигалардың ұйымдастыру жұмыстарына жергілікті облыс әкімдіктері серіктестік танытты.
Аталмыш жоба аясында балалар бокс, еркін күрес, каратэ, баскетбол, волейбол, шахмат спорт түрлері бойынша сынға түсті.
«AUYL SPORT» жобасы жөнінде «Халық» қайырымдылық қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Ғалымбек Жақсылықов өз сөзінде: «Қазіргі таңда Олимпиадаларда, әлемдік чемпионаттарда, өзге де халықаралық додаларда жеңімпаз, жүлдегер атанып жүрген даңқты спортшыларымыздың басым бөлігі ауылдан шыққан. Кешегі балалар бүгінде ел намысын түрлі ареналарда адал қорғап жүр. Сондықтан, ауыл балаларын қолдауға спортқа бейімдеуге басымдық беруіміз керек. «Halyk» қайырымдылық қоры ауыл футбол жобасын қолдау барысында кездескен мәселелерді назарға ала отырып және ауылдық елді мекендерде футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерін дамытуға үлес қосу үшін « AUYL SPORT» жобасын қолға алды. Жоба барысында еліміздің барлық өңірінен 6 спорт түрі бойынша 12 мыңға жуық ауыл баласын қамту көзделген» — деп пікірін білдірді.
Сайыс барысында Сайрам ауданы спортшылары еркін күрестен 4 күміс, 3 қола, волейболдан ұлдар 2-орын, қыздар 3-орын, баскетболдан ұлдар 2 орын, каратэден 3 алтын, 1 күміс, 2 қола, бокстан 1 күміс 1 қола, шахматтан 1 күміс медальдер жеңіп алды.
Жарыс биігінен көрінген жеңімпаздарға Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының м.у.а. А.Нақыпбеков және «Халық» қайырымдылық қорының филиал директоры Ғ.Жақсылықовтың Дипломдары табысталды.