Аудандық білім беру бөліміне қарасты №17 жалпы білім беретін мектеп базасында қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, жаратылыстану-математикалық бағыты педагогтері үшін «IV Ыбырай жазулары» дәстүрлі облыстық жазба жұмыстары байқауының аудандық кезеңі өтті.
Байқаудың мақсаты — Ыбырай Алтынсариннің тарихи-әдеби еңбектерін насихаттау, педагогтардың шығармашылық қабілетін арттыру, патриоттық сезімін ояту, ұлт ұстазының еңбектерін зерттеп, терең меңгеруге қызығушылығын ояту. Сонымен бірге, қазіргі заманда сауатты тұлғаны қалыптастырушы тіл мамандарының оқу, жазу сауаттылығын арттыруға, эссе жазу әдістемесін дамытуға бағытталған.
Осы мақсатта бірінші кезеңнің қатысушылары жазба жұмыстарын жазып, шығармашылық деңгейін көрсетті.
Байқаудың қорытындысымен жеңімпаз ұстаздар облыстық кезеңге қатысады.
Айта кетелік, мұғалімдердің шығармашылық қабілетін шыңдайтын байқау екі кезеңде өткізіледі. Атап айтқанда, аудандық және облыстық. Шығармашылықпен шұғылданатын педагогтерге қолдау көрсетіп, озық педагогикалық тәжірибені тарата отырып, педагогтердің үздік шығармаларын әдістемелік жинаққа енгізілетін болады.
Ережеге сәйкес, алдағы сынақ 2 тур бойынша өтеді. Алғашқы турында «Өнер, білім бар жұрттар…» тақырыбында Ыбырай Алтынсариннің мәдениет, әдебиет, ағартушылық, ғылым мен білімді арқау еткен мақалалары, шығармашылығы жайлы мақала жазу байқауы өтеді. Орындауға берілетін уақыт – 60 минут. Ал, келесі кезекте «Қазақтың тілімен қандай кітап болса да жазуға болады…» тақырыбымен өтетін турда аударма жұмысы жүргізіледі. Ережеге сай жазба жұмыстарына нақты талаптар белгіленген.
Осы орайда, облыстық байқауда бақ сынайтын ұстаздарымызға сәттілік тілейміз!