Облыс әкімі сайрамдық кәсіпкерлермен кездесті

Сайрам ауданында 2023 жылдың қыркүйек айында жеміс-көкөністі өңдеу зауыт іске қосылады. Өндіріс орнында Туркиядан заманауи құрал-жабдықтар әкелініп, орнатылуда. Зауыт

томат пастасы, кетчуп, жеміс шырынын шығарады. Жоба іске қосылғанда 50 жұмыс орны ашылады. Ауданға жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды сайрамдық кәсіпкерлермен кездесті.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін және көкөніс сақтайтын қойма «Бірлік-4» ЖШС жұмыстарымен танысты. Зауыт басшысы қайта өңдеу зауытын кеңейту мақсатында төмен пайызбен ұзақ мерзімге несие, 5 млрд теңге қаражат алуды жоспарлауда. Жоба жүзеге асса қосымша 500-600 жұмыс орны ашылады.

Зауытта ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 16 мың тонна 5 қойма бар. Аталған зауыт кәсіпкердің жеке және «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қаржыландырған.

Бұдан кейін облыс әкімі Дархан Сатыбалды «АРТ Boilers» өкілдерімен кездесті. Аталған компания өкілдері кәсіпорынның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Түркістан облысы бойынша жоғары технологияларын қолдана отырып, жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны жылына 400 бірлік қазандық өндіруге қуатты. Жылыту қазандықтары Түркістан облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысында сұранысқа ие.

ART Вoilers сауда маркасымен газды, сұйық және қатты отынға арналған жылыту қазандықтарын заманауи неміс технологияларын қолдана отырып, шығаруды жолға қойған.