ҚР президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапхананда жергілікті халықпен кездесу өткізді.Кездесуде еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту туралы ойлар айтылды.
Үміткер мемлекеттік органдардың деректері мен зерттеулеріне сілтеме жасай отырып, статистиканы жариялады. Әйелдер кәсіпкерлігі ШОБ секторындағы жұмыс орындарының 31,4 пайызын қамтамасыз етеді. 2020 жылғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 28,3 пайызды құрады.
Олардың көпшілігі шағын және орта бизнес өкілдері, олар осы сектордағы жұмыс орындарының 31,4%-ын және елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 14,6%-ын қамтамасыз етеді.С.Тұрсынбекова шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлерді салықтан толығымен босатуды ұсынатынын айтты.
«Кәсіпкерлердің аяққа тұруына мүмкіндік беруіміз керек. Олар орта деңгейге жеткенде жеңілдетілген салық салу қазірдің өзінде бар. Ірі бизнеске, әсіресе ойын бизнесіне, керісінше, салықты арттыру керек», деді ол.
Сондай-ақ жиналғандар кандидаттан сайлауалды бағдарламасы туралы сұрады. Атап айтқанда, жиында әйелдердің зейнет жасын төмендету, сот реформасы және экономикадағы өзгерістер туралы сөз болды.