Құқықтық сауаттылық – қоғам айнасы

сауаттылық

Адамның өмір сүру деңгейінде құқықтық сауаттылықты меңгерудің маңызы зор. Өйткені қай елде, қай жерде жүрсек те, әр адам өзінің құқығын қорғай алуы керек. Құқықтық сауаттылық – ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни өз құқығын білген адам ғана кез келген ситуациядан оңайлықпен шыға алады. Мысалы отбасындағы құқық бұзушылық, мектеп, ЖОО-дағы құқық бұзушылық. Осылардың барлығын алдын алу үшін өз құқығымызды білуіміз қажет.

Құқықтық саясаттың міндеттеріне сәйкес мемлекет азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын арттыруға жағдай жасайды. Қазақстандағы құқықтық мәдениетті арттыру жөніндегі мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасын іске асыруға бағытталған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары саласындағы шараларды кеңейту туралы Жарлыққа қол қойып, адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралары туралы» 2021 жылғы 9 маусымдағы Жарлыққа қосымша тармақ енгізді. Онда адам құқықтары мен заңның үстемдігі саласындағы одан әрі шаралар жоспарын бекіту туралы айтқан болатын.

Осы орайда, Жастар ресурстық орталығы «Құқықтық сауаттылық – қоғам айнасы» тақырыбында жастар арасында кездесу ұйымдастырды.

Жол-көлік колледжінде өткен кездесуге Шымкент қаласы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Бибігүл Абдалиева, Шымкент қаласы полиция басқармасы Тұран ауданы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция капитаны Молдыбаев Нұржігіт, Шымкент қаласы «Сана сезім» орталығының заңгері Тулаев Бехзод және Шымкент қаласы ювенальды адвокатурасының авдокаты Тавашхоров Ахрор қатысып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар заңдар жөнінде айтып берді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы аумағында өтіп жатқан рейдтік іс-шараларға тоқталып, түнгі уақыттарда кәмелет жасына толмаған жастардың заңды өкілінсіз жүруінің қауіп-қатерін жеткізді.