Түркістанда халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысы жалғасып жатыр. Бұл жоба қаладағы спорттық инфрақұрылымды дамыту, жастарды спортқа тарту және туризмді дамыту мақсатында қолға алынған. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған нысанға барып, құрылыс барысын қадағалады. Жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
– Бұл – ауқымды жоба. Жұмыс сапалы атқарылуы тиіс. Қаржыны тиімді жұмсап, халықаралық жарыстар өтетін нысанды өз мерзімінде ел игілігіне тапсыру керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Ескек есу каналының жалпы аумағы 100 гектарға жуық, су сыйымдылығы – 2 млн текше метр. Жобаның бірінші кезеңі аяқталған. Бүгінде үшінші кезеңі бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Қазір трибуна мен мұнара бетондалуда. Спорт кешенінің қасбетін бояу және нысанды абаттандыру жүргізілуде. Ол жұмысқа 75 адам, 15 техника тартылған. Каналда 800 мың текше метр су бар.
Жоба іске қосылғаннан кейін Түркістан қаласы су спортының халықаралық деңгейдегі орталығына айналуы мүмкін.
Бұл жоба Түркістанды жаңа бір деңгейге көтеріп, оны республикалық және халықаралық деңгейде танымал етуге мүмкіндік береді.