Түркістанда туризмді дамытуға  60 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ

60 млрд теңгеге жуық

Ежелгі тарихымен және мәдени мұрасымен танылған Түркістан қаласы бүгінде еліміздің басты туристік бағыттарының біріне айналып отыр. 2019 жылы облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері қала мен өңірде:

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі,

Керуен-сарай кешені,

Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы,

Этноауылдар мен демалыс аймақтары кеңінен дамып келеді. Түркістан облысында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынуда.

Облыста қазіргі қонақ үйлердің саны 245-ке, демалыс орындарының саны 298-ге және емдік-сауықтыру кешендерінің саны 117-ге жетті. 2025 жылдың I тоқсаны бойынша қонақ үйлерге жайғасқан туристер саны 61,3 мың адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,5%-ға өскен. Бұл туралы өткен брифингте облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов мәлімдеді.

«Өңірде жыл басынан бері туризм саласындағы қызмет көлемі 1,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,3%-ға өскен. Бұдан бөлек, 2025 жылдың 6 ай қорытындысымен өңірдегі табиғи аумақтарға келген келушілер саны 80,2 мың адамға жетті. Ал, тарихи орындарға келген келушілер саны 520,7 мың адамды құрады. Биылғы жылы туризм саласындағы негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі 33 млрд теңгеге жетті. Атап айтқанда, «Lords Heir» қонақ үйі, «Khan Palace 2» қонақ үйі, «Yassy Hall and Apartments» қонақ үйі, «Болашақ құрылыс» ЖШС-ң демалыс аймағы. Өңірімізде шетелдік туристердің саны да өткен жылдың тиісті кезеңдерімен салыстырғанда 2 есеге артып отыр. «E-qonaq» жүйесіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында өңірге келген шетелдіктердің саны 24 мыңға жуықтады. Қытай, Жапония, Италия, Германия елдерінен келген туристердің саны артып келеді. Халықаралық БАҚ-та Түркістан туралы кеңінен ақпараттар таратылып, өңірдің туристік әлеуеті таныстырылып келеді. Шаһарда жыл соңына дейін ескек есу каналы іске қосылмақ. Сонымен қатар, Қолөнершілер қалашығы да биыл аяқталады деп күтілуде. Күлтөбе қалашығы жобасын да жақында іске қосу жоспарланып отыр. 2025 жылы жалпы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобаларға 26,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 1 130 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, туристік инфрақұрылым саласында

11,3 млрд теңге көлеміндегі 6 жоба іске асырылмақ. Жыл соңына қарай Түркістан облысына келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деп күтілуде. Жалпы саладағы инвестиция көлемін 55,8 млрд теңгеге жеткізу межеленіп отыр» деді сала басшысы. Бұл қаржы инфрақұрылымды жақсартуға, туристік нысандарды жаңғыртуға және жаңа жобаларды іске асыруға бағытталмақ.

Түркістан облысына тартылатын 60 млрд теңге инвестиция – өңірдің туризм саласын жаңа деңгейге көтереді. Жаңа жобалар мен инфрақұрылымның дамуы арқылы Түркістан алдағы жылдары Орталық Азиядағы ірі рухани-мәдени және туристік орталықтардың біріне айналмақ.