Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғынның бірі өзімен қару алып жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған хабарлама бойынша түлкібастық қызметкерлер жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ер адамның жеке басын анықтап, оны көше бойында өзінің тұрғылықты мекенжайына жақын маңнан ұстады. Тексеру кезінде ер адамнан тегіс ұңғылы 16 калибрлі шолақ мылтық пен «спорттық сигналдық тапанша» табылып, тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда айғақты зат ретінде алынған 2 қаруға сараптама тағайындалды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 287-бабы 3-бөлігі «Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» бойынша тіркелді. Түлкібас АПБ-ға жеткізілген күдіктінің, бұрын ұрлық жасап сотты болғаны анықталды. Күдікті өз жауабында тіркелмеген заңсыз қаруларды көшеден тауып алғанын жеткізді. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Түркістан облысының полицейлері заңсыз қару ұстауға болмайтындығын қатаң түрде ескертеді. Сондай-ақ ерікті түрде тіркелмеген қаруды ішкі істер органдарына тапсыруға кеңес береді. Жалпы айтсақ, тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау және сату жайттарын анықтау, атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу, олардың жолын кесу мен ашу, қарудың заңсыз айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды, басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау мәселесі тәртіп сақшыларының күн тәртібінен түскен емес. Егер де, сіз, осындай жайттың куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі