Түркістан қаласында тұрғындарға қайтарымсыз субсидия әперуге уәде берген алаяқ ұсталды

Түркістан қаласының полиция басқармасына алаяқтық қылмысының құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші хабарламасында, өзіне жақын таныс емес әйел миллион теңгеден астам қайтарымсыз субсидия алуға көмек ұсынғанын жеткізді. Жалған уәдеге сенген қала тұрғыны, алаяққа 150 мың теңге ақшасын берген, алайда үміті ақталмаған.

Түркістандық криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ретінде Сауран ауданының тұрғынын анықтады. Жас әйелдің алаяқтықтың тағы бір дерегіне қатысы бары белгілі болды. Яғни кезекті тұрғынның сеніміне ие болған алаяқ, 3 миллион теңге көлемінде субсидия рәсімдеймін деп, жәбірленушіден 200 мың теңге талап еткен. Алаяқтық арқылы алынған ақшаны ол өз қажеттілігіне жұмсаған.

Күдіктіге қатысты «Алаяқтық», яғни ҚР ҚК-нің 190-бабында көзделген қылмыс белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бүгінгі күні тергеу күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.

ТО ПД баспасөз қызметі