Шымкент қаласында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын жалпы құны 1,8 трлн теңгені құрайтын 275 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Бұл жобалардың орындалуы жаңадан 32 мыңнан астам жұмыс орындары ашуға мүмкіндік береді.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Біржан Әзімбердиев мәлімдеді.
–Биыл құны 128 млрд. теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 3 108 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда аталған жобалардың ішінде жалпы құны 40 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 1 183 жаңа жұмыс орны пайда болды. Қала экономикасына инвестиция тарту кезінде, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі саласына ерекше назар аударып отырмыз. Бұл секторда 2027 жылға дейін жалпы құны 401,5 млрд теңгені құрайтын 103 инвестициялық жоба іске асады. Аталған кәсіпорындарда 10 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Соның ішінде биыл жалпы құны 14,4 млрд теңгеге 14 инвестициялық жобаны іске асырып, 605 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Қазірдің өзінде өңдеу өнеркәсібі саласында 3 инвестициялық жоба іске асырылып үлгерді, – дейді Біржан Қанатұлы.
Биыл іске асырылған жобалардың арасында «Shymkent Temir» ЖШС-інің болат блюм өндірісін кеңейту жобасы назар аударуға тұрарлық. Компания өндірістік қуатты арттыру үшін 5 млрд. теңге инвестиця салды. Нәтижесінде 250 жұмыс орны құрылған. Ал, «NURTAU DISTRIBUTION COMPANY» ЖШС-і дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабын шығаратын зауыт ашты. Зауытты салуға, оның ішкі инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге және өндірістік қондырғыларды орнатуға 4,9 млрд. теңге инвестиция құйылған. Бұған дейін мұндай өнімдер негізінен шет мемлекеттерден импортталып келген болса, ендігі жерде 40 адам жұмыс істейтін жаңа зауыт жергілікті нарықты дымқыл майлықтар, сұйық және қатты сабынмен қамтамасыз ете бастады.
Сонымен қатар биыл «Unitex VOSTOK» компаниясы 350 млн. теңге инвестиция сала отырып, жиһаз фабрикасын ашса, ал, «ЭКО-ФАРМ» ЖШС-і медициналық бұйымдар мен жеке қорғаныс құралдарын, оның ішінде әртүрлі модификациядағы бір реттік маскаларды, қорғаныс киімдерін, обаға қарсы жиынтықтарды шығаратын зауыт салды. Бұл кәсіпорынды ашуға компания 555 млн. теңге инвестиция салған. Жаңадан ашылған зауытта қазір 40 адам еңбек етіп жатыр.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Шымкент қаласына 434,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 26,9 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына 721,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Демек, бұл көрсеткіш те 2022 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артады деген сөз.