Шымкент қаласында 2025 жылдың 1 наурызынан бастап көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев мәлімдеді.
Қалалық қорғаныс істері департаменті, Шымкент қаласының әкімдігімен бірлесіп, 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарды әскерге шақыру жұмыстарын жүргізуде. Жергілікті әскери басқару органдарында азаматтар медициналық комиссиядан, психологиялық тесттерден және жеке әңгімелесуден өтіп жатыр. Биылғы жылы Шымкенттен 1000-нан астам азамат әскерге шақырылуы жоспарланған.
Әскерге шақыру: Ұлттық қауіпсіздікке қызмет ету
Әскерге шақыру бірінші кезекте Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің бөлімшелеріне, сондай-ақ Қарулы күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі және Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне жасақтау жоспарланып отыр. Әскерге шақырылған азаматтардың барлығы шақыру комиссиясының отырысынан өтіп, әскерге жарамды деп танылған.