Тұрмыстық зорлық-зомбылық

Қазіргі уақытта отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі қоғамда орын алып жатқан түрлі жайттар қоғамды алаңдатпай қоймайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық баланың дамуына және оның өмір бойы басқа адамдармен қарым-қатынасына ықпал етеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаға  қатысты дене зардабын және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар құқыққа қарсы қасақана әрекеті. Көбінесе, әйелдер мен балалар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып табылады. Отбасы – бұл қоғамның бір бөлшегі. Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі – моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған сәйкес, әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жасалуда.

Осы ретте Еңбекші ауданы Полиция басқармасы Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Жұлдыз Тасқұлова мектеп оқушыларымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында балаларға отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы олардың заңды құқықтары бойынша түсіндірілді.

Полиция қызметкері оқушыларға мұндай жағдайларда олар әрдайым мектеп психологына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторға жүгіне алатындығын еске салды.

«Тұрмыстық зорлық — бір адамның екінші адамға немесе туыстарының бірінің екінші туысына зорлық-зомбылық, зәбір көрсетуі. Отбасылық қарым-қатынастағы құқыққа қайшы әрекеттердің басым бөлігі жасырын түрде қалып қалады. Сондықтан бұл жағдайда қорықпастан, міндетті түрде «102» арнасына немесе «111», «150» қауырт желілеріне хабарласу қажеттігін ескертеміз», – деді полиция капитаны Ж.Тасқұлова.

Сөз соңында оқушылар арнайы мамандарға сауалдарын жолдап, өзара пікір алмасты.