Шымкентте құрылысы бітпеген ғимараттан ұрлық жасаған ер адам ұсталды

полиция

Полицияға ұрыны анықтауға бейнебақылау камералары көмектесті. Ер азамат түнгі уақытта құрылысы аяқталмаған ғимаратқа кіріп, қабырғасындағы кабельді қолды етіп, ізін суытқан. Ұрланған сымдардың ұзындығы 2500 метр. Жәбірленушіге келтірілген шығын 2,1 млн теңгені құрады.

Оқиға туралы хабарды ала салысымен, Тұран АПБ-ның жедел уәкілдері қаскөйді іздестіруге кірісті. Жақын маңда орналасқан камералардағы жазбаны тексеру барысында полицейлердің көзіне үлкен орама кабель ұстаған екі тұлға түсті. Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол бұрын тонау, ұрлық және бұзақылық үшін сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.

Өзгенің мүлкін ұрлап шыққан ер адам жолда танысын кездестіріп, электр сымдарын үйіне жеткізуге көмек сұрағаны белгілі болды. Ұрланған затты ол сатып үлгерген.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде.