Сарыағаштық полицейлер заңсыз жүрген 35 шетелдікті анықтады

Сарыағаш ауданының полицейлері көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстарды ескерту және жолын кесу мақсатында, республикалық «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде. Іс шараға жалпы 89 қызметкер жұмылдырылып, 14 әкімшілік бөлікке бөлінген аумақтар тексерілуде. Аудан аумағында тексерілген үйлердің жалпы саны – 1689. Аталған шара кезінде аудан аумағында түрлі құқық бұзушылық жасағаны үшін 193 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде масаң күйде қоғамдық орындарда жүргені үшін Сарыағаш қаласында орналасқан «Уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына» 40 азамат орналастырылған. Деструктивті діни ағымдағы тізімде тұрған 103 азамат тексеріліп, оның 5-еуіне әкімшілік хаттама толтырылды. Одан бөлек Сарыағаш АПБ Көші-қон қызметі бөлімшесінің қызметкерлерімен аудан аумағында заңсыз жүрген 35 шетелдік азамат анықталды. Оларға ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабымен хаттама толтырылып, аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Атап өтсек, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде, патрульдік полиция тобы және учаскелік полиция пунктеріндегі жұмысты ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторлары, қарқынды қызмет атқаруда.

ТО ПД баспасөз қызметі