Шымкентте әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсылық білдіру акциясы жалғасты

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мәжіліс залында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күніне орай мәжіліс өткізілді. Мәжіліске «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, «Қазақстан Әйелдерінің Республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова, орынбасары Баян Есімова, «Асыл әлем» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Нұргүл Қобланова, салалық кәсіподақ төрағалары, кәсіподақ активі қатысты.Іс-шараның негізгі мақсаты — зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық көмек көрсету, зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту бойынша қызмет көрсету, сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмысын өткізу, тұрмыстық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу болып табылады.Мәжілісті ашып берген Бауыржан Ілімшеұлы бұл бағытта кәсіподақтардың қосып жатқан үлесіне тоқталды. «ҚР КФ жобасы аясында ағымдағы жылдың сәуір айында кәсіподақтар орталығында «Заң клиникасы» ашылған, онда кәсіподақ мүшелеріне тегін кешенді құқықтық көмек көрсетіледі. Осы жылы «Заң клиникасында» 28 кәсіподақ мүшесі құқықтық көмектер алды.Сонымен қатар, кәсіподақтар орталығы ғимаратында орналасқан «Татуластыру орталығында» 91 адамға тегін кеңестер берілген», – деді Бауыржан Ілімшеұлы. Сондай-ақ, кәсіподақ төрағасы арнайы отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты пул құруды ұсынды.Мәжілісте төраға орынбасары Руслан Ақжігітов баяндама жасады. Өз баяндамасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық мысалдармен бөлісті.«Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы 2005 жылы өткен Дүниежүзілік саммитте ел басшылары әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық нысандарын жою бойынша күш-жігерді екі есе арттыруға міндеттенгенін жеткізді.Атап өтерлігі, 2019 жылдың 21 маусымы күні Халықаралық Еңбек Ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен қысымшылықты жою туралы» №190 Конвенциясы қабылданды. Бұл тарихи құжат қазіргі еңбек әлеміндегі зорлық-зомбылық, қудалау, қорқыту сияқты нақты проблемалар мен қиындықтарды шешуге, әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған.Бұрын-соңды әр адамның мұндай құқығы халықаралық шарттарда нақты көрсетілмеген еді.Осы Конвенция – жалдамалы жұмысшыларды қоса алғанда, қызметкерлерді және еңбек саласындағы басқа да адамдарды, сондай — ақ шарттық мәртебесіне қарамастан жұмыспен қамтылған адамдарды, практикадан өтушілер мен оқушыларды, еңбек қатынастары тоқтатылған қызметкерлерді қоса алғанда, кәсіптік даярлықтан өтетін адамдарды, волонтерлерді, жұмыс іздеп жүрген адамдар мен бос жұмыс орындарына ізденушілерді, сондай — ақ билік функцияларын жүзеге асыратын, жұмыс берушінің міндеттерін орындайтын және жауап беретін адамдарды қорғайды», – деді Руслан Ермаханбетұлы.Кездесуде сөз алған «Қазақстан Әйелдерінің Республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасау бүгінгі таңда өзекті мәселе екенін жеткізді. Қазіргі кезде заң және қоғам бұл құбылысты тоқтату жолдарын табуға әрекет жасап жатқанын айтып,Біздің елімізде зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған кез-келген тәсілмен ден қою арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату үшін әрекет етуге шақырды.Сондай-ақ, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Нұргүл Қобланова әйелдер құқықтық салада және күнделікті өмірде зорлық-зомбылыққа тап болатынын мәлімдеп, үкіметтік емес ұйымдарға осы күні әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық проблемасына қоғамның назарын аударатын іс-шаралар көбірек өткізуді ұсынды.

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы