Шымкент қаласы Полиция департаментінің ювеналды полиция инспекторлары жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұдайы түрде жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып тұрады деп хабарлайды Шымкент қаласының ПД.
Соның ішінде, балаларды түнгі уақытта көшеде немесе қоғамдық орындарда жүру кезінде болуы мүмкін қауіпті жағдайлардан қорғау үшін түнгі рейдтік жұмыстар да күнделікті жүргізілуде.
Аталған іс-шаралар барысында түнгі уақытта ата-анасының еріп жүруінсіз үй-жайынан тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталып, олардың заңды өкілдеріне тиісті әкімшілік шара қолданылады.
Мәселен, ағымдағы жылдың 27-29 сәуір аралығында өткізілген «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының нәтижесінде 343 азамат ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) жауапкершілікке тартылды.
18 жасқа толмағандарға заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуға тыйым салынады. Нақтырақ айтқанда: ойын-сауық мекемелерінде – сағат 22:00-ден – 6:00-ге дейін, тұрғынжайдан тыс жерде сағат – 23:00-ден – 6:00-ге дейін. Бұл уақытта балаға тек заңды өкілімен бірге жүруге ғана рұқсат беріледі, яғни ата-ана, асырап алушы, қорғаншы, қамқоршы немесе олардың орнындағы басқа да заңды өкілдер. Бұл ретте, бала ойын-сауық мекемесінде жүрсе, ата-анасы 3 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Ал көшеде жүрсе, бірінші рет ескерту жасалады. Егер тәртіп сақшыларының көзіне қайтадан түссе 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі түнгі уақытта орын алатынын ескере отырып, кешкі уақытта балаларыңыздың үйден жалғыз шығуына тыйым салыңыз. Бала өмірі үшін сақтық шарасын ең алдымен ата-аналар ұстануы тиіс.