Бакуде «Жасыл жұмыс орындарын құрудағы кәсіподақтардың рөлі» атты халықаралық семинар аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы – Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин әріптесі – Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Саттар Мохбалиевпен кездесті.
Тараптар ұлттық кәсіподақ орталықтарының екіжақты және аймақтық ынтымақтастығы перспективаларын талқылады.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясында ҚРКФ мүшелігін қалпына келтіру мәселесін қарауда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына қолдау көрсеткені үшін ХКК/БЕАК вице-президенті Саттар Мохбалиевке алғыс білдірді.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы демократиялық өзгерістер елдегі кәсіподақ қоғамдастығының ілгерілмелі дамуының негізі болды. Бүгінгі таңда ҚРКФ негізгі халықаралық стандарттарға негізделген еңбеккерлердің мүдделерін алға бастыратын және құқықтарын қорғайтын ең ірі қоғамдық институт болып табылады. Жүргізіліп жатқан өзгерістерді ел Президенті қолдап, біздің кәсіподақтардың ең төменгі жалақы мөлшеріне және ең төменгі жалақы мөлшерінің әдіснамасын әзірлеуге қатысты бастамаларына назар аударды. Біз де Сіздің атыңыздан Халықаралық еңбек ұйымы мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясындағы әріптестер тарапынан үлкен қолдауды сезініп отырмыз», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының Төрағасы – ХКК/БЕАК вице-президенті Саттар Мохбалиев Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынастар ортақ тарихқа ие екеніне тоқталып, оларды «бауырластық» деп атады және ұлттық кәсіподақ орталықтары мен халықаралық әріптестермен ынтымақтастық одан әрі нығая түсетінін айтты.
«Біз кәсіподақтар арасындағы аймақтық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуды қолдаймыз. Біз өз тарапымыздан пікір алмасуға және жинақталған тәжірибемен алмасуға әрқашан ашықпыз. Біздің Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен міндеттеріміз бен мақсаттарымыз ортақ, сондықтан біз алдағы уақытта бірлескен жобаларды жүзеге асыруды «қолдаймыз», – деді Саттар Мохбалиев.
Еске сала кетейік, Бакуде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан кәсіподақ көшбасшылары қатысқан халықаралық семинар өз жұмысын аяқтады. Семинар аясында жасыл жұмыс орындарын құрудағы кәсіподақтардың рөлі мен тиісті кәсіподақ жобаларын жүзеге асыру перспективалары қарастырылды.
ҚРКФ медиаорталығы