Қызмет қолжетімді болған сайын, жемқорлық та азаяды

Сыбайлас жемқорлық – ғасыр дерті. Сондықтан да мемлекеттің дамуына кедергі келтіріп, өркендеуіне тосқауыл қоятын сыбайластықпен күрес ешқашан назардан тыс қалған емес. Жемқорлықты жоюда, парақорлыққа жол бермеуде әр мемлекеттің қолданатын әдіс-амалы әртүрлі. Оның бірі қатаң жаза тағайындау арқылы кеселдің тамырына балта шабуды көздесе, келесі бірі заң арқылы жегіқұртқа тыйым салуға тырысуда. Ал Қазақстан үлгі еткен Сингапур, Швейцария, Нидерланды сияқты өркениетті елдерде сыбайлас жемқорлықпен күрес өзгеше. Бұл елдерде мемлекеттік қызметтерді барынша ашық етіп, азаматтардың парақорлыққа қарсы иммунитетін көтеруге басымдық берілген.

         Біздің еліміз «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды 1998 жылы қабылдады. Қазақстандық заңнамалар базасын алғашқылардың бірі болып толықтырған бұл құжатта сыбайластықты болдырмаудың тетігі жасалған. Алайда, заң кеселдің себебінен гөрі салдарымен күреске негізделгендіктен айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Соған орай, заман талабы, азаматтардың ұсыныс, лебізі ескеріле отырып 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қолданысқа енгізілді. Бұл заң мемлекеттің ілгерілеуіне кедергі келтіретін кемшіліктердің алдын алуымен құнды. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күреске бүкіл елді жұмылдыру міндеті қойылды. Өйткені, кеселді тек мемлекеттік құрылымдардың күшімен ауыздықтау мүмкін емес. Мұны уақыттың өзі көрсетті. Осыған орай, әрбір құрылым сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың жүйелі жоспарын жасады. Жоғарғы соттағы жұмыс та арнайы бағдарға негізделген. Бірінші басымдық сот қызметін мейлінше ашық, қолжетімді етуді көздейді. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен сотқа қатысушылар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері көрсеткендей, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына құжаттардың түсініксіздігі, істердің қиындығы түрткі болған. Істерді қолдан қиындатудың, талап етілетін анықтама, қағаздардың көптігі де азаматтарды пара беруге итермелейді. Уақытын үнемдеуді ойлап, әуре-сарсаңға түскенді қаламайтын жандар амалсыздан ісін жылдам реттеу үшін таныс іздеуге, жең ұшынан жалғасуға мәжбүр болады. Жемқорлықты жою үшін осы мәселені оң шешу керек болды. Ал өзі түсініп, құжат алуда қиындыққа тап болмаған адамның пара беруден бас тартары белгілі.

Ntime.kz