Жемқорлықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті

Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын ол саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қайсын болмасын да қатты алаңдататыны айқын.

Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңке түсіретіні белгілі. Ең бастысы — адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде, билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады.

Осы ретте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өкілімен кездесу өтті.
Шымкентте Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы кеңінен түсіндірілуде. Осы бағыттағы кезекті кездесу Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығының Еңбекші ауданы бойынша бөлімшесінде өтті.
Іс-шараға қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілі Ж.Әлжанова Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, онда зардаптармен күрестен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жүйелі түрде жоюға, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге, қоғамдық сананы түбегейлі өзгертуге бағытталғандығын атап өтті.
Сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралардан, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Департаментпен атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Іс-шара барысында Ж.Әлжанова өңірдегі әлеуметтік маңызы бар проблемаларды негізге алып әзірленген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасынан хабардар етті.
Кездесу соңында сыбайлас жемқорлық көріністеріне тап болған кез келген азамат Департаментке немесе 1424 нөмірі бойынша CaII-орталыққа хабарласу қажеттігін айтты. Сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша хабарламалары үшін азаматтарды көтермелеуге қатысты толыққанды ақпарат ұсынылды.