Әлем додасында Шымкент қаласынан жылжымалы нысана жаттығуы бойынша жекелей есепте Ирназарова Зухра — алтын медальға, командалық есепте сыңары Фатима екеуі тағы бір алтын медальға ие болды.
Ирназарова Зухра мен Фатима 01.02.2005 жылы Шымкент қаласында туған. ШҚ №14 Ату және ұқсас спорт түрлерінен ОРМБЖСМ-нің нысана көздеу бөлімінде 2018 жылдан бастап спортпен шұғылданады.
Алғашқы халықаралық жетістігін 2019 жылы Катар астанасы Доха қаласында өткен XIV Азия Чемпионатында көрсетіп, осы жаттығу бойынша командалық 3 — орынды иеленіп, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.
Олар түрлі республикалық, халықаралық турнирлердің жеңімпазы!
Жеңістің саф алтыны екі қыздың Анасы Гүлнара ханымға тиеселі!
Шымкент әуежайында батыр Анаға арнайы құрмет жасалып, спорт мектебінің қызметкерлері атынан құттықтау сөздерін жеткізді!
Айта кетейік, әлемнің 101 елінен, 1000-ға жуық спортшылар қатысты.
Сонымен қатар Загреб қаласында (Хорватия) өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында Шымкент қаласының спортшысы бір күміс медаль еншіледі. Әлем чемпионатының жүлдегері – Сабина Юлдашбекованы Шымкент әуежайынан жерлестері қошеметпен күтіп алды. Іс-шараға жеңімпаз спортшының ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлер жиналды.
Жасөспірімдер арасында 40 келі салмақ дәрежесінде Сабина Юлдашбекова жартылай финалда француз қызын айқын басымдылықпен ұтып, финалда Словакия елінің дзюдошысына есе жіберді. Қазақстан құрама командасының қоржынына күміс жүлде салды.
Іс-шарада жүлдегер қызымыз Сабина алда болатын жаттығуларда тыңғылықты дайындалып, ірі додаларды, соның ішінде, Олимп шыңын бағындыратынын атап, айтты. Жеңістеріңіз жалғаса берсін!