14-23 тамыз аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығымен және Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп, Қазақстанның облыстық және қалалық медициналық мекемелерінің қызметкерлеріне арналған таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеу бойынша түсіндіру семинарларын өткізді. Бұл түсіндіру жұмыстары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың тапсырмасы бойынша 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды таңбалауды енгізу туралы шешім қабылдауға байланысты жүргізілуде.
Өңірлерде түсіндіру семинарлары Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен кестеге сәйкес өткізілді. Семинарларға Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының, сондай-ақ Абай, Жетісу мен Ұлытау облыстарының , және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының медициналық мекемелерінің өкілдері қатысты.
Отырыстарға жергілікті атқарушы органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың 1500-ден астам өкілі қатысты. Семинарлар барысында Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының өкілдері аурухана ұйымдарының таңбаланған дәрілік заттармен жұмысының әзірленген схемаларымен таныстырды. Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың өкілдері таңбаланған дәрілік заттармен жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтар туралы ақпарат бере отырып, дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесінің ерекшеліктерін түсіндірді.
Таңбаланған дәрілік заттар – сәйкестендіру құралдары жабыстырылған және ол туралы ақпарат тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) қамтылған дәрілік заттар. Дәрілік заттарды сәйкестендіру құралы GSI (GS1) Data Matrix (Data Matrix) логистикалық бірліктерін есепке алу және штрих-кодтауды стандарттау саласындағы халықаралық ұйымның стандарттарына сәйкес келетін таңбалардың бірегей тізбегін білдіретін таңбалау кодын қамтиды.
Цифрлық таңбалаудың мақсаты – цифрлық бақылау технологияларын пайдалана отырып, көлеңкелі фармацевтикалық нарықтың үлесін еселеп азайту. Бұл бүкіл әлемде сауданың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қолданылатын Track&Trace жүйелерінің бір түрі. Бұл жүйе Ресейде, АҚШ-та, Үндістанда, Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Италияда, Аргентинада сәтті енгізілді.
Цифрлық таңбалаудың арқасында мемлекеттік органдар, медициналық мекемелер, өндірушілер өз кезегінде онлайн режимде дәрі-дәрмек тұтынудың нақты көрінісін көре алады.
Сондай-ақ, таңбалау жүйесі қадағалау функциясымен қатар, қазақстандықтарға дәрілік заттың жарамдылық мерзімін және сатып алынған дәрілік заттың Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті бекітілген бағаға сәйкес келетін-келмейтінін білуге және дәрілік заттардың бүкіл өмірлік циклін бақылауға мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда 90 атау бойынша дәрілік заттарды цифрлық таңбалаудың бірінші кезеңі енгізілген болатын. 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттарды таңбалауды 100% енгізу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен медициналық ақпараттық есепке алу жүйелері мен дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесін біріктіруді тестілеу жобасы жүзеге асырылуда, оған қатысу үшін Қазақстанның әр аймағынан медициналық ұйымдар іріктелініп алынды.