49 отбасы қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды

49 отбасы

2024 жылдың 1 тамызынан бастап бүгінге дейін 49 отбасы қайтарымсыз негіздегі тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды. Әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 16 отбасы — 1,2 топ мүгедектігі бар азаматтар, 9-ерекше бала асыраушы отбасылар, 3-жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар, 11- көпбалалы отбасылар, 4-толық емес отбасылар, 6- бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Азаматтар Отбасы банк арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында несиелік негізде пәтер рәсімдеу барысында оның алғашқы жарнасының бір бөлігін 1 млн. теңгеге дейінгі тұрғын үй сертификаты арқылы жабу мүмкіндігіне ие болған. Қазіргі таңда тұрғын үй сертификаттарына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Бұл қолдауға ие болу үшін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар мемлекеттік бағдарлама аясында 2-10-20, 5-10-20 несиелік бағыттарының бірі арқылы конкурстан өтіп, банктің шарттарына сәйкес төлем қабілеттігін растайды. Қатысушы Отбасы банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау хатын алған соң тұрғын үй сертификатына өтінім жолдай алады. Айта кетейік, жыл басында бұдан бөлек әртүрлі әлеуметтік санаттар бойынша 218 азаматқа тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2024 жылға 200 млн. теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, 2024 жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталды. Бүгінгі таңға 218 азаматқа 199,9 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.
Оның ішінде:

1,2 — топ мүгедектігі бар азаматтар — 76;
толық емес отбасылар -16;
мүгедектігі бар бала асыраушы отбасылар — 49;
бюджеттік мекеме қызметкерлері — 40;
көпбалалы отбасылар — 30;
жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар — 7.

Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2537 отбасының тұрғын үйдің жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады.
Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 2023 жылы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиясы тоқтатылды.