Тәуелсіздік алған жылдардан бері жүргізілген реформаларда сот корпусын сапалы, білікті, білімді мамандармен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктері қарастырылды. Бұрын судья болуға заңгерлік білім мен тәлімгердің бір ауыз қолдау сөзі жеткілікті еді. Ал қазір заң саласын жетік білумен қатар, мемлекеттік тілді меңгеруі, өз ойын толық жеткізіп, көркем сөйлей алуы, көңіл-күйдің жетегінде кетпей, ақ пен қараны дәл айыратын қабілетінің болуы назарға алынады. Ол үшін сот жүйесі уақыттың сын-қатерлеріне сәйкес үздіксіз жетіліп отыруы тиіс.
Мемлекет атынан төрелік ететін адам үлкен жауаптылықты сезінуі, шексіз шектеулерге көнуі, көпшіліктің көз алдында жұмыс істеуге үйренуі керек. Өйткені, судья әділдік, туралық ұғымының символы, қоғамда ортақ тәртіпті сақтаудың, кісілік келбетін жоғалтпаудың жарқын үлгісі. Осы негізгі құжаттарға сүйене отырып тәуелсіздік алған сәттен бері саланы жандандыруға серпін берер көптеген жобалар мен бастамалар, іргелі реформалар жүзеге асырылды. Жобалардың сәтті іске асуы судьяларға байланысты болғандықтан, қазыларға деген талап күшейтілді. Еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін судьялардың тәуелсіздігіне кепілдік беріліп, материалдық жақтан ешкімге жалтақтамай қызмет етуіне жағдай жасалды. Реформа дегенде алдымен еске түсетіні – соттардың мамандандырылуы. Бұл әр салаға қатысты істерді сапалы қарайтын судьялар шоғырын қалыптастыруға негіз қалады. Сот төрелігін цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар да көпшіліктің көз алдында. IT сервисті жетілдіру, сот мәжіліс залдарын толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен жабдықтау, сот құжаттарының электрондық айналымын жолға қою сот пен халық арасын барынша жақындатты. Цифрландыру бағытындағы жаңашылдықтар сот ашықтығын қамтып, азаматтардың әуре-сарсаңын азайтты.
Ntime.kz